Әлеуметтік желіде “қазақстандықтарға миллион пәтер тегін берілмек” деген жалған видео тараған. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығы бұл бейнежазбаны дайындауда бұрыннан қолданылып жүрген тәсіл пайдаланылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды AstanaTV.
Орталық мамандары миллион пәтерге қатысты жалған ақпараттың жүйелі түрде жарияланатынын анықтады. Ал халықты сендіру үшін жоғары лауазымды тұлғалардың сөйлеген сөздерінен алынған шынайы бейнекадрлары пайдаланады.
"Бұрын да бірнеше рет қолданылған тәсіл тағы қайталанып отыр: шынайы видеокадрлар мен көпшілікке таныс дауыстар негізге алынып, кейін жалған хабарлама жасалады. Соның салдарынан көрерменде бұл ақпарат мемлекеттік органдардан немесе елдің жоғары басшылығынан тікелей тарағандай жалған түсінік қалыптасады", - деп хабарлады орталық.