$446.56 €512.34 ₽5.3
×

Жәнібек Әлімханұлы WBO белбеуіне қатысты мәлімдеме жасады

19.09.2026ж. 05:08
Жәнібек Әлімханұлы WBO белбеуіне қатысты мәлімдеме жасады
фото: Top Rank

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Ширазбен жұдырықтасуға ресми түрде келісім берді, – деп хабарлайды AstanaTV.

 The Ring басылымының ақпаратынша, Шираздың промоутері Queensberry Promotions жекпе-жекті өткізу құқығы үшін 1 001 809 доллар ұсынған. Ал Әлімханұлының мүддесін қорғайтын Top Rank компаниясының ұсынысы 820 мың доллар болған.

Алдын ала жоспар бойынша, кездесу 28 қарашада немесе 5 желтоқсанда өтуі мүмкін. Жекпе-жекті қабылдайтын ықтимал қалалар ретінде Лондон мен Нью-Йорк аталып отыр.

Queensberry саудада жеңгендіктен, Шираз жекпе-жекке келіссе, кездесу Лондонда өтуі ықтимал. Алайда жекпе-жектің өтетіні әзірге түпкілікті бекітілген жоқ.

Бұған дейін WBO Ширазға чемпиондық белбеуін міндетті үміткер Әлімханұлына қарсы қорғауды тапсырған.

Екі тарап белгіленген мерзімде келісімге келе алмаған соң, WBO промоутерлік сауда өткізу туралы шешім қабылдады.

Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) биыл шілдеде орта салмақтан екінші орта салмаққа ауысып, кейін WBO шешімімен Шираздың міндетті қарсыласы атанды.

– Мені ақша қызықтырмайтынын бәрі біледі. Мен дайынмын! Сондай-ақ оның титулдан бас тартқаны туралы жаңалықты көруге де әзірмін. Маған тек осы титул керек. Одан кейін Канеломен титулдарды біріктіруім қажет, – деп жазды Әлімханұлы әлеуметтік желіде.