Осы уақытқа дейін өткен Консультативтік кездесулердің нәтижесі аймақтық ынтымақтастыққа жүйелі әрі жан-жақты сипат беріп, бұрын-соңды болмаған деңгейге шығарды. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуінде осылай деген Мемлекет басшысы бұл саммиттің аймақтың жаңа келбетін қалыптастырудағы маңызды белеске айналатынын айтты. Қазір іргелес жатқан бес елдің бірігіп жұмыс істеуінің арқасында жылдар бойы қордаланған мәселелер шешімін тауып жатыр. Аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдануда.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Шекара, сумен қамтамасыз ету, миграция мәселелері жоспарлы түрде реттеліп, өзара саудадағы көптеген кедергілер жойылды. Шекарадағы өткізу пункттері жаңғыртылып жатыр. Көлік қатынасының мүмкіндіктері кеңейіп, жаңа бағыттар ашылуда. Сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық қарқынды дамып келеді.
Қазіргідей күрделі геосаяси және экономикалық ахуалдың ақсап тұрған шағында аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау өте маңызды. Осы орайда Мемлекет басшысы Орталық Азияның өркендеуіне ықпал ететін бірқатар өзекті міндетке тоқталды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазіргі сын-қатерлерді тек саяси диалог пен мемлекеттеріміз арасында өзара сенім шараларын нығайту арқылы еңсеруге болатыны анық. Осы ретте соңғы жылдары бір-бірімізге жасаған сапарларымыз нәтижелі болды. Бұл елдеріміздің достыққа, тату көршілік қарым-қатынасқа және одақтастыққа негізделген өңірлік ынтымақтастығының деңгейі жоғары екенін білдіреді. Алайда өңірлік кооперация аясында сыртқы серіктестермен жан-жақты байланысты жоспарлы түрде күшейту маңызды. Әлемнің жетекші елдерінің «Орталық Азия плюс» форматына қызығушылық танытуы – осының айғағы.
Президент атаған тағы бір маңызды міндет – жан-жақты ықпалдастықтың берік экономикалық базасын қалыптастыру. Соңғы жылдары бұл бағытта елеулі нәтижеге қол жеткізілді. Өңір ішіндегі сауда көлемі біртіндеп ұлғайып келеді. Бұл көрсеткіш 11 миллииард долларға жетті. Мемлекет басшысы тауар айналымын 15 миллиард долларға жеткізу маңызды екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Елдеріміздің экономикасын дамытуға бірлескен ірі инфрақұрылым және көлік жобалары тың серпін берер еді. Өзара тиімді ынтымақтастықтың мұндай оң мысалдары аймағымызда қазірдің өзінде де бар. Бұдан бөлек шекара маңы аудандарында сауда-логистика желілері мен өнеркәсіп хабтарын дамыту маңызды. Ауыл шаруашылығы, логистика, тоқыма және химия өнеркәсібі, құрылыс секілді перспективті салаларда жаңа келісімдер жасап, жан-жақты серіктестігімізді нығайту қажет.
Мемлекет басшысы көлік-логистика саласына айрықша мән берді. Қазір аймақтың транзиттік әлеуетін одан әрі ілгерілетуде Транскаспий халықаралық көлік бағытының, «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің, «Бір жол, бір белдеу» секілді бастамалардың рөлі ерекше. Президент өңірдің көлік жүйесін дамыту жөніндегі кешенді стратегияны қабылдаудың мәні зор екенін айтты. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Кемелұлы 5 елді де толғандырып отырған мәселеге тоқталды. Ол - су ресурстарын үнемді пайдалану. Мемлекет басшысы тіршілік нәрін игерудің тең құқылы әрі әділ тәртібіне негізделген жаңа су саясатын қалыптастыру керек екенін баса айтты.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Орталық Азия елдеріне арналған Су-энергетика консорциумын құру және гидроэнергетикалық нысандарды бірлесе салу бастамасы су шаруашылығындағы көпжақты ынтымақтастыққа негіз болады. Суды бөлу мен есепке алуды цифрландыру, ғарыштық мониторинг технологияларын енгізу, жүйелі ғылыми жұмыстар жүргізу маңызды міндеттердің санатына жатады.
Еліміздің жоғарғы оқу орындарында шетелдіктердің білім алуына сұраныс жылдан жылға артып келеді. Қазір АҚШ, Еуропа, Қытай, Ресей және Оңтүстік Кореяның ондаған танымал университеттерімен стратегиялық серіктестік орнаған. Өңірлерде аталған білім ордаларының филиалдары ашылды. Бүгінде 9 мыңнан астам шетел азаматтары елімізде білім алуда. Мемлекет басшысы Орталық Азия және Кавказ елдерінің жастарын осы мүмкіндікті пайдаланып, халықаралық деңгейде сұранысқа ие қос дипломды білім алуға шақырды. Сонымен қатар, бірлескен медиаөнімдерді шығаруды, яғни, ортақ тарихи сюжеттерді, халықтарымыздың достығын дәріптеуге бағытталған бағдарламалар әзірлеуді ұсынды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз жалпыөңірлік телеарна және ақпараттық интернет-порталын ашу мәселесін талқыладық. Бұл ретте Орталық Азия елдерінің телехабар тарату саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді әзірлеп, қол қоюдың маңызы зор.
Жиында Көршілес елдердің басшылары да сөз сөйледі. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірлік өзара іс қимылды нығайтуға, елдердің ортақ мүдделерін ілгерілетуге бағытталған бастамаларын ерекше атап өтті. Кеше ғана "Егемен Қазақстан" газетінде жариялаған мақаласы жайлы пікірін білдірді.
Шавкат МИРЗИЁЕВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сіздің кеше жариялаған "Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы" атты мақалаңызда сіз біздің бірлескен жұмысымызға терең талдау жасадыңыз және жаңа кезеңде өңірдің даму перспективаларын енгіздіңіз.
Саммит соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Консультативтік кездесудің төрағасы ретінде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының атынан Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті Құрмет белгісімен марапаттап, кездесудің келесі төрағалық міндетін табысты атқаруына тілектестік білдірді. Жиын қорытындысы бойынша Мемлекет басшылары бірнеше құжатқа қол қойды.