10 тамызда сағат 14-10-дағы жағдай бойынша Астана әуежайынан ұшатын 15 рейс кешіктірілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана қаласында орын алған ауа-райының қолайсыздығына байланысты "Эйр Астана" әуекомпаниясының 4 әуе кемесі бұршақтың түсуі салдарынан зақымданған, бұл өз кезегінде кейінгі рейстердің кідірісіне әкеп соқтырды.
“Бүгін Астана-Алматы бағыты бойынша КС 622 рейсі қозғалтқыш бөлшектерінің зақымдалуына байланысты 9 сағатқа кешіктіріледі. Алматыға "FlyArystan" әуекомпаниясының рейсі 10 тамыз сағат 16-20-да ұшады деп жоспарланған. Жолаушыларға салқын сусындар, ыстық тамақ беріледі, жолаушылардың бір бөлігі қонақ үйге орналастырылды”, – делінген хабарламада.
Азаматтық авиация жолаушылардың ұшу қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету үшін ұшақтардың кешіктіреліп жатқанын хабарлады.
“Қазіргі уақытта Астана әуежайында Азаматтық авиация комитетінің, Авиациялық көлік прокуратурасының, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің қызметкерлері рейстердің кешігу жағдайын бақылауға байланысты шұғыл шаралар қабылдауда.
Кешіктірілген рейстер кейінгі рейстердің кешігуіне әкелуі мүмкін, осыған байланысты жолаушыларға авиакомпаниялар мен әуежайдың анықтамалық қызметтерінде рейстің мәртебесі мен ұшу уақытын алдын ала нақтылау ұсынылады”, – делінген хабарламада.
Айта кетсек, аталмыш рейстің кешігуіне байланысты мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек әлеуметтік желіге видео жариялап, рейске жауапты Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостердің жолаушылар алдына әрең шыққанын хабарлаған.
Депутат Бақытжан Базарбек тұтынушылардың құқықтарын қорғау заңнамасына әуежайлардың қызметін реттейтін мемлекеттік органдардың айыппұл салу бағытындағы өкілетін арттыратындай өзгерістер енгіземіз деп отыр.
"Заңның ондай талаптарын Назарбаев дәуірінде олигархтардың пайдасына өзгертіп жіберген. Сол нормаларды қайта қарап, айыппұл салу тетіктерін жетілдіреміз. Одан кейін прокуратура органымен бірлесіп әуе компанияларының, соның ішінде дәл осы Air Astana-ның жұмысын тексереміз", - дейді депутат.
Бұған дейін Астана халықаралық әуежайында ұшуға жоспарланған 75 рейстің үшеуі ұшақтың кеш келуіне байланысты кешіктіріліп жатқаны айтылған.
Сондай-ақ, ұшып келуге жоспарланған 75 рейстің сегізі кешіктірілді.
Ұшуға: KC622 Астана-Алматы
KC123 Астана-Ташкент DV714
Астана-Алматы
Ұшып келуге: DV784 Өскемен-Астана
KC7053 Алматы-Астана
KC336 Қостанай-Астана KC621
Алматы-Астана DV713 Алматы-Астана
KC7316 Қызылорда-Астана KC124
Ташкент-Астана KC568
Бодрум-Астана
Ауа-райының қолайсыздығына байланысты рейстердің кешігуі немесе тоқтатылуы болған жоқ. Жолаушылар рейстердің жай-күйі және кестедегі ықтимал өзгерістер туралы ақпаратты авиакомпаниядан, сондай-ақ Астана халықаралық әуежайының ресми сайтынан немесе тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығының телефоны 8 (7172) 702-999 арқылы ала алады.