$516.93 €542.52 ₽4.98
×

БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге 775 үй салынып жатыр

19.08.2024ж. 20:00
312
БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге 775 үй салынып жатыр

Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арнап 775 үй салынып жатыр. Оның 400-і Бөрлі, Сырым және Бәйтерек аудандарында орналасқан. Үш бөлмелі үйлердің бәрі де стандартқа сай: ішкі әрлеу жұмыстарын бітірген соң, ауласын қоршап, тіпті өрнектас төсеп береміз дейді құрылысшылар. Ауқымды іске жергілікті 34 компания жұмылдырылыпты.

Данияр ДҮЗБАЕВ, ТАПСЫРЫС БЕРУШІ КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:

Көктемгі тасқыннан зардап шеккендерге арнап, 15 үй салып береміз деп шештік. Мердігер жұмысқа кірісіп кетті. Құрылыс барысын уақытылы тексеріп, үйдің сапалы салынып жатқанына көз жеткіздік. Белгіленген уақытта үлгіреміз. Осы үй шын мұқтаж адамдарға бұйырсын деген ниеттеміз.

Ал Орал қаласының айналасындағы елді мекендерде 375 үй салынып жатыр. Бұлардың да құрылысы қатаң бақылауда. Өйткені межелі мерзімге аз уақыт қалды. Қаз-қатар тізілген бұл баспаналар жаңа ықшамауданға айналған. Ендігі міндет - осы аумаққа жол салып, электр желісі, суы мен газын жүргізіп, өзге де қажет инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.

Абзал ЖҰМАЛИЕВ, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары 75-80 пайызға аяқталып тұр. Ендігі қалған ішкі әрлеу жұмыстарына кірісті мердігер мекемелер. Құрылыс жұмыстары жеке компаниялардың қаражаты есебінен салынуда. Бұл қаражат көлемі 3,4 млрд теңге шамасында қазір қаражат бөлініп тұр.

Күні бүгін үш ауданда 80 үй тапсырылып, иелері жаңа шаңырақта қоныс тойын тойлапты. Құрылысшылар өздеріне бекітілген нысандардың бәрін 1-қыркүйекке дейін пайдалануға береміз деп отыр.