$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Шымкентте мектеп оқушысы өліміне күдіктінің бірі ұсталды

AstanaTV
10.03.2017ж. 20:00
2989
Шымкентте мектеп оқушысы өліміне күдіктінің бірі ұсталды

Шымкентте мектеп оқушысының өліміне қатысы бар күдіктілердің бірі ұсталды. Сезікті Жамбыл облысында ұсталды. 14 жастағы жеткіншектің оққа ұшуына не себеп, қару кезенген кімдер? Айзада Төребекқызы мән-жайды анықтауға тырысты.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Шымкентте атылған оқтан оқушы ажал құшқан қылмысқа қатысты күдіктілердің саны - төрт адам. Бұл ақпаратты Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті таратты. Үш сезіктіге іздеу жарияланды. Ал бір күдікті бүгін түнде Жамбыл облысы Қордай ауданы маңында қамауға алынған.

Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облыстық ІІД баспасөз хатшысы:


Жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен түнгі сағат 1-00 шамасында «Лада-211 440» маркалы автокөлігі тоқтатылып, ішінде ешқандай құжаттары жоқ белгісіз екі жолаушы болған. Құжаттарына толық тексеру жұмыстарын жүргізу барысында автокөлік жүргізушісі полиция қызметкерлеріне  қарсылық көрсетіп, өз көлігімен қашып кетпек болған. Соңына түсу барысында күдіктілер автокөлікті тастап, белгісіз бағытқа жасырынбақ болған.

Ұсталған көлікте болған жолаушының бірі - 26 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны. Күдікті жұмыссыз. Бұрын «тонау» жәйтімен істі болған. Қазір осы жәйтке қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Ішкі істер департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзованың мәліметінше, тапа-тал түсте қару кезенуге жастар арасындағы жанжал себеп болыпты.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД ресми өкілі:

Тергеу барысында бір тәуліктің ішінде анықталғаны: бұл ауыр қылмысқа себеп болған сол өзара таныс жігіттердің арасында осыған дейін жанжал болған, ұрыс-керіс. Және де күдікті азаматтар атыс қаруды пайдаланып, жасөспірімді өлтірген және де екеуіне әртүрлі дене жарақат салған.

Тарқатып айтайын, оқыс жағдай кеше түс ауа, сағат бестерге таяу тіркелді. Ворошиловка елді мекенінде атылған қарудан 14 жасар балаға оқ тиді. Кеуде тұсынан алған жарақатынан жасөспірім ауруханаға жетпей орта жолда жан тәсілім еткен болатын. Тағы бірі 18, екіншісі 22 жастағы екі жігіт Шымкенттегі жедел жәрдем медициналық ауруханасына жеткізіліп, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілген.

Сәбит Байбосынов, Шымкент қалалық жедел жәрдем медициналық ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі:

Арқасына атылған оқтың жарақаты, біреуі құйрық тұсы мен аяғының жарақаты. Алғашқы хирургиялық сұрыптау жасалды. Алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жатқызылу көрсеткіші болған жоқ. Сондықтан бірінші медициналық көмектен кейін науқастар жергілікті емхана жіберілді.

Айзада Төребекқызы, тілші:


Мектеп оқушысы оқиға орнына қалай тап болды? Оқ атқан кім? Бұл әзірге басы ашық сұрақ. Полицейлер қазір сотқа дейінгі тергеу шараларын жүргізіп жатыр. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ