Негізгі / Жаңалықтар / Алматыда террорлық әрекетке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз етпеген нысан иелері 30 миллион теңге айыппұл төлейді

Алматыда террорлық әрекетке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз етпеген нысан иелері 30 миллион теңге айыппұл төлейді

Алматыда адам аяғы саябырсымайтын бизнес нысандар террорлық әрекетке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз етпеген. Жіті тексеріс жүргізген Алматы полициясы 62 орталықтың жетекшісін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Салынған айыппұл көлемі 30 миллион теңгеге жуық. Бұл туралы қалалық ішкі істер департаментінің мәліметінше, ресми өкілі Салтанат Әзірбек телефон арқылы хабарлады.

Оның мәлімдеуінше, нысандардың басым бөлігі «терроризмге қарсы іс-қимыл» заңнамасындағы талаптарды орындамаған. Біразының техникалық қорғану жүйелері әлсіз екені анықталған. Бизнес жетекшілеріне өз кәсіпорындарын дабылды күзет, бейнебақылау және құлақтандыру секілді қауіпсіздік жүйесімен толықтай қамтамасыз ету ісін аяқтау тапсырылды.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ішкі істер департаментінің ресми өкілі:

1500-ге жуық нысан жалпы тексеріске алынды. Нәтижесінде 62 адам жетіспеушіліктер мен қателіктер үшін жауапкершілікке тартылды. Жалпы бұл жұмыс жалғасын табатын болады. Өйткені бұл лаңкестік іс - әрекетке бейім орталықтар, нысандар міндетті түрде қауіпсіздік шараларын таныту керек. 

Ал, ақтөбеліктер болса, бүгін шаһарды әуеден бақылап ұшқан тікұшақтар мен ірі сауда үйін қоршауға алған әскерилерді көріп, тағы бір дүрлікті. Кейбір көшелер уақытша жабылған. Бетперде киген сарбаздар мен әскерилер қоршауға алған нысандарға бөгде адамдар енгізілген жоқ. Осылайша, күштік құрылымдардың тосын жағдайларға дайындығы кезекті рет пысықталды. Терроризмге қарсы облыстағы жедел штаб берген мәліметке сай, жаттығу кезінде күш құрылымдары және облыстық жедел штабтың бір-бірімен бірлескен жұмысы тексерілген. Мемлекеттік органдар террористік сипаттағы қауіп-қатерге төтеп бере алады, кез келген оқыс жағдайға дайын деген баға берілді.