Байқоңырдағы кәсіпкерлер мемлекеттік қолдауға зәру. Әңгіме Қазақстан азаматтығы бар бизнес иелері жайлы. Бұл туралы бізге осы қаладағы кәсіпкерлердің бірі мәлімдеді. Мұнда кәсібін дөңгелетем деген отандастарымыз салықты Ресей бюджетіне аударады. Жеңілдетілген несие мен субсидиялардан да қағылып келеді.
Кәсіпкер Сандуғаш Наженованың Байқоңырда құрылыс-жабдықтау компаниясы бар. Бұл салада азды-көпті тәжірибе жинақтаған ол, кедергілердің көптігін айтады. Ең өкініштісі, кәсіпкерлер қолында кепілдік мүлік болмағандықтан, несиеден де, мемлекеттік қолдаудан да қағылып келеді, дейді.
Сандуғаш Наженова, құрылыс-жабдықтау компаниясының басшысы:
Пәтерде әлеуметтік жалдау келісімшартымен тұрып жатырмыз, жұмыс орнымыз- субаренда шартымен ресейліктерден жалға алынып отыр. Біз иесі емеспіз, кепілдікке қоя алмаймыз. Алғашқы капиталды алуда үлкен кедергі бар. Сондықтан қарыз ақша іздеуге мәжбүрміз. Мемлекеттік қолдау болмаса, жағдайымыз қиын.
Осы мәселе бойынша көмек сұрап облыстық кәсіпкерлік басқармасы мен "Даму" бизнес иелерін қолдау қорына жүгініпті. Қызылордалық мамандар барлық амалдарды қарастырып, тығырықтан шығар жол іздеген көрінеді. Алайда, Байқоңырда іс жүргізіп отырған азаматтар Ресейдің заңдарына тәуелді.
Данияр Есқалиев, «Даму» қорының Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалының менеджері:
Байқоңыр тұрғындары кәсіп ашып, бизнес жобаларын дамытып, қаржылай қолдауға ие болу үшін Қармақшы ауданының салық органдарына тіркелуі қажет. Сонда ғана барлық мүмкіншілертерді толығымен пайдалана алады.
Бизнесті дамытудағы басты кедергі - екінші деңгейлі банктер мәселесіне тіреледі. Байқоңырда тек халық банкінің жалғыз бөлімшесі ғана жұмыс істейді. Ал өзгелерінің филиалдары облыс орталығында орналасқан. Кәсіп иелерінің ойынша, Байқоңырдан халықтың үдере көшуін тоқтату үшін тиімді әрекет қажет.
Сандуғаш Наженова, құрылыс-жабдықтау компаниясының басшысы:
Қаладан жас мамандар көшіп кетіп жатыр. Байқонырда үй салынатыны - жағымды жаңалық. Десе де, алдымен өндіріс орындарын ашу керек деп санаймын. Қала құрушы алпауыт кәсіпорын ашылса, онда тұрғын үйлер де, қосалқы өндірістер де пайда болары сөзсіз.
Өткен жылы екі бірдей мемлекетаралық отырыс өтті. Нәтижесінде Байқоңыр кешенінде пайдаланылмай отырған 14 нысанды қазақстандық кәсіпкерлерге беру мәселесі шешіліп жатыр. Бұл отандастарымыздың бизнестерін дамытуға септігін тигізбек. Алдағы сәуірде Қызылордада өтетін мемлекетаралық басқосуда Қазақстан тарапы Байқоңырда қазақстандық кәсіптің даму жолдарын нақтылауды да жоспарлап отыр.
Шарипа
САҚТАПОВА