Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Керекуде силикатты кірпіш шығаратын зауыт жұмысшылары айлық ала алмай отыр

AstanaTV
29.03.2016ж. 20:00
2072
Керекуде силикатты кірпіш шығаратын зауыт жұмысшылары айлық ала алмай отыр

Керекуде силикатты кірпіш шығаратын зауыт жұмысшыларының жалақы көрмегендеріне 3 айдан асқан. Айтуларынша, бұл алғашқы жағдай емес. Кәсіпорын жаңа жылға дейін де еңбеккерлеріне қарызданып қалған. Ал фирма басшылығы өнімді сататын нарықтың жоқтығымен түсіндірді. Тақырыпты тараптарды тыңдаған әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы өрбітеді.  

Екі баланың анасы Толқын Нағұманова кірпіш зауытында ашылған күннен жұмыс істейді. Бастапқы төрт айда жағдай тұрақты болғанын айтады. Еңбекақы дер кезінде беріліп, өнімге деген сұраныс та жоғары болған. Алайда, өткен жылдың күзінен бері ахуал күрт өзгеріпті. 

Толқын Нағұманова, кірпіш зауытының жұмысшысы:

Қыркүйек, қазан, қарашаның ақшасын 31 желтоқсанда алдық. Енді қазір ақша сұрасақ, алдыңдар ғой дейді. Бірақ одан бері қаңтар, ақпан, міне, наурыздың соңы болды ғой. Әлі еңбек жоқ. Әлгінде балам телефон шалды, жарықты үзіп тастады деп. Қарызым бар. Кредиттер де есімді шығарып, телефон шалып жатыр.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Кеңес кезінен бұл зауыт силикатты кірпіш шығаратын облыстағы жалғыз кәсіпорын болатын. Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларындағы көп қабаттылардың дені оның өнімімен тұрғызылған. Алайда, тоқырау жылдарында жағдайы тұралап, банкротқа ұшыраған кәсіпорын 2014 жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында қайта іске қосылады.

Алайда, бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Жыл өтпей зауыттың өніміне сұраныс төмендеп, кірпіш өндіру ісі тұралап қалған. Кәсіпорынның бүгінгі жағдайына басшылық Павлодар қаласы мен облыс көлемінде жүргізілетін құрылыс жұмыстарының азайғанынан,- деп отыр.

Владимир Репалов, кірпіш зауытының басшысы:

Павлодар қаласында 21 тұрғын үй салынады деді, бұған қаржы да бөлінген. Сондықтан үміт бар. Өнімді сату алаңы пайда болса, бізде де жұмыс жүреді. Жағдай оңалмаса, зауытты жабу қаупі де болды. Бірақ оған қарсымыз, өйткені мұнда көп адам еңбектенеді. 

Жұмысшылардың айтуынша, зауытта 70-ке жуық адам еңбектенеді. Орташа жалақылары 60-70 мың теңгенің аралығында. Шамалайтын болса, төрт айлық қарыз көлемі 15 млн теңгені құрайтынын айтады. Кәсіпорындағы бұл жағдайдан жергілікті билік хабардар.

Манас Жұмаділов, Павлодар облысының мемлекеттік еңбек инспекторы:

Бұған дейін 15 адам бізге шағымданды. Қордаланған қарыз шамамен 3 млн теңге болды. 8 сәуірге дейін кәсіпорынға ұйғарым жібердік. Егер сол уақытқа дейін жағдай түзелмесе, материалдар сотқа жолданады. Сондай-ақ, құрылыс фирмасы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 170 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндетті.

Анықталғандай, еңбек инспекциясына тағы 28 жұмысшы шағымданған. Бұл мәселені облыстық прокуроратура да жіті бақылауға алған. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ