Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ақтөбелік Людмила әже сирек баталарды жатқа біледі

AstanaTV
16.03.2017ж. 20:00
5448
Ақтөбелік Людмила әже сирек баталарды жатқа біледі

Түрі өзге болса да, тілегі бір. Жасы жетпістен асқан ақтөбелік Людмила Сұлтанқызы қазақ тілінде сирек кездесетін баталарды жатқа біледі. 80-ші жылдардың соңында аймақта наурыз мейрамын алғаш болып тойлауға ат салысқан ол, ұлтымыздың салт-дәстүрін ұстанады. Балаларына да қазақы тәрбие берген. Ел анасына айналған әжеймен Жақсыбек Кемал жүздесіп келді. 

Людмила Сұлтанқызы Қиыр Шығыста дүниеге келген. Соғыстан кейінгі жылдары анасы, екі бауырымен бірге Ақтөбенің Мұғалжар ауданына қоныс аударыпты. Қазақ отбасының тәрбиесі мен қамқорлығын көріп өскен ол, «қалай қазақ болып кеткенімді білмей қалдым», дейді. Бата мен мақал-мәтелдерді өзі әлі күнге дейін құрмет тұтатын әжесінен үйренген. Ұлт батыры Бауыржан Момышұлының тілек сөзін ерекше құрмет тұтатын қария бата білмеген үлкендерді көрген сайын ұялатынын айтады.

Людмила Сұлтанқызы, батагөй қария:

«Бір жерге тойға барсаң, ат басындай азаматтар 2 сөздің басын «той құтты болсын, екі жас бақытты босын, аумин» дейтін адамдарды көрдім. Сонда шапан киіп жатады. Енді ыңғайсыз ғой, сырттан қарап отырсаң. Өзі Қазақстан елінде, Францияда, Англияда жүрген қазақ емес. Сондай қарның ашады. Ойлайсың, ойпырмай, 70-ке келіп, 17 ауыз сөзді әдемі айтып үйренбеген деп».

Қария - Алға қаласында Қазақ халық театрын ашып, оның гүлденуіне еңбегі сіңген режиссер. Өнерге қызығушылығы зор жастардың арасынан кәнігі әртістер даярлап шығарған да өзі. Шәкірттері әлі күнге дейін оған жиі келіп тұрады.

Ақшолпан Ізтілеуова, шәкірті:

«Қызым, саған айтам» пьесасында басты рөл, Сәуле қыздың рөлін сомдадым. Содан бастап Людмила Сұлтановнаның жанының кеңдігін, сауаттылығын, білімділігін Алға біле бастады. Театрға халық келе бастады. Ең бірінші наурыз мейрамымен осы Людмила Сұлтанқызы көрсете бастады. Халықты қазақша киім киюге шақырды».

«Ішкен-жегенің май болсын, Төрт түлік сай болсын, көңіл жай болсын».

Людмила әжейдің немере-шөберелеріне дейін бата жаттап өсіп келеді. Ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу керек дейтін қария асық жинап, балаларға таратып жүреді екен. Ақсақалдардан естіген нақыл сөздерден құралған баталар жинағын шығарыпты. Батагөй қария бізді наурыздағы ақ тілектерін жаудырып шығарып салды.

Людмила Сұлтанқызы, батагөй қария:

«Наурыз мейрамы құтты болсын! Ұлыстың ұлы күні оң болсын! Қайда барсаң, жол болсын, қоныс құтты болсын, өрісің көкті болсын!»

Жақсыбек КЕМАЛ