$478.96 €533.03 ₽5.22
×

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақстандық бүркітшілер топ жарды

13.09.2024ж. 20:00
106
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақстандық бүркітшілер топ жарды

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында «Құсбегілік» спорт түрінен екі күнге созылған сайыс мәреге жетті. Тартысты доданың қорытындысы бойынша ұлттық құрама спортшылары 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медальді қанжығаға байлады.

БЕКБОЛАТ САТУОВ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Нағыз жігіттің серілігі мен жүректілігін қажет ететін құсбегілік өнерінің бүгін финалық кезеңі өтті. Мұнда 10 елден келген 42 спортшы өзінің қыран бүркіттерінің бағы мен бабын сынға салды.

Шешуші кезеңде саятшылар бүркіт салып, аң аулады. 500 метр қашықтықтан ұшқан бүркіт бұлаңдаған түлкіні алуы керек. Белгіленген уақыт ішінде құз тағысы жылдамдық жасамаған жағдайда жарыс жолынан шығып қалып отырды.

Дегенмен құсбегілердің оған ұнжырғасы түспеді. Ең бастысы достық жеңді дейді.

НЕДИМ ҚЫЗЫЛБУҚА, БҮРКІТШІ:

Құсбегілікте жарыстым. Бұл тарлан деген бүркіт. 5 жаста қыран бүркіт. Қолға шақырдым. Көшпенді ойындары жақсы болды. Барлық әлем бұл жерде дос сияқты жарысты. Бірінші орынды достық алды.

Ұйымдастырушылардың айтуларынша, құсбегілер сайысы барынша әділ өтті. Себебі алғаш өткізіліп жатқандықтан алдыңғы шепте абыройдың мәселесі тұр. Көрерменнің де ықласы зор болды дейді.

БЕРІК УӘЛИ, ҚҰСБЕГІЛІК ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл енді бұрын-соңды бұндай болмаған. Шыны керек өте қызығушылық жоғары. Тіпті өздеріңіз көріп отырсаңыздарда басқа спорт түрлеріне қарағанда біздің көрермендеріміздіңде жанкүйерлер секторы қашанда лық толы.

Финалдық кезеңде топ жарғандар арнайы марапаттарға ие болды. Шешуші кезеңде асығы алшысынан түскен бүркітші Ерзат Байқадамовқа демеушілер тапарынан темір тұлпар табысталды.

ЕРЗАТ БАЙҚАДАМОВ, БҮРКІТШІ:

Міне құсбегілікті дамытып спортқа айналдырды. Міне көріп жатсыздар бәріңіз демеушілер құсбегілкке қандай демеушілік жасап жатыр міне. Осындай демеушіліктер кө бола берсін. Спортымыз дами берсін, қазақ елі жасай берсін.

Отандастарымыз бүркіт салып аң аулау мен сұңқар салудан алтын алса, қырғыз ағайындар ителгі салудан топ жарды.