$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Премьер-министр Олжас Бектенов Шымкент қаласына жұмыс сапарымен барды

13.09.2024ж. 20:00
103
Премьер-министр Олжас Бектенов Шымкент қаласына жұмыс сапарымен барды

Шымкентте жалпы аумағы 1276 гектар болатын 7 өнеркәсіп аймағы бар. Онда 293 жоба іске асырылған. Нәтижесінде 8 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл туралы Үкімет басшысының Шымкентке жұмыс сапары кезінде айтылды. Олжас Бектенов қаланың тыныс-тіршілігімен танысып, шаһарда Мемлекет басшысының Жолдауы қалай іске асып жатқанын көрді.

Үкімет басшысы алдымен сусындарға арналған алюминий қалбыры мен қақпақтар шығаратын QazAlPack кәсіпорынына барды. Зауытта қазір 360 адам жұмыс істейді. Бұл жерде 1,2 млрд банка шығарылады. Өнімдер ішкі нарықта сатылып, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан елдеріне де экспортталады. 2025 жылға дейін оның санын 2,3 млрдқа жеткізу көзделіп отыр.

ДАНИЯР ЖҮНІС, «QAZALLPACK» ЖШС БАС ИНЖЕНЕРІ:

QazAlPack жоғары технологиялық кәсіпорын. Мұнда жастар мықты білім алып, тәжірибе жинай алады. Кәсіпорын өндіретін өнімнің 40 проценті шетелге экспортталса, 60 пайызы ел тұрғындарын қамтиды. Бұл жоба мемлекеттің қолдауымен іске асқан.

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» зауыты жылына 6 млн тонна мұнай өңдейді. Шығарылатын өнім түрлерінің арасында автомобиль бензиндері, дизель отыны, авиациялық керосин, сұйытылған көмірсутек газы, мазут және басқа да мұнай өнімдері бар.

НҰРСҰЛТАН СЫЗДЫҚОВ, «ПЕТРОҚАЗАҚСТАН ОЙЛ ПРОДАКТС» ЖШС БАС ЭНЕРГЕТИКТІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Атом энергетикасын дамытуға баса мән беру өте маңызды. Егер де жаһандық тәжірибені алып қарайтын болсақ озат елдердің осы атом энергетикасын қолдану мәселесінде әлде қайда алда келе жатқанын көріп жатырмыз.

Сапар барысында Премьер-Министр қаладағы бас жоспардың іске асырылу барысымен танысты. Биыл шаһарда 1,4 млн шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жаңа баспаналардың маңында жайлы мектеп, емхана, заманауи спорт кешендері мен Оқушылар сарайының құрылысы жүріп жатыр. Тағы 2,6 мың пәтерге арналған 66 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.

ЕРДӘУЛЕТ ӘЖІБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі таңда 26 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтап отырмыз. Ол 780 пәтер. Бұл Мемлекеттік бағдарламамен Отбасы банк арқылы ертең тұрғындарға үйлестіру жоспарланып отыр. Өздеріңізге белгілі кірпіш, сырты бұның бәрі жергілікті өнім болып табылады. Қазір ауланы абаттандыру жұмыстары және инженерлік жүйелер мен сыртқы инженерлік жүйелермен қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр.

Үкімет басшысы Қазақстанның энергетикалық секторы көмір электр стансаларына қатты тәуелді екенін айтты. Бұл – қауіпті. Өйткені олардың тозу деңгейі жоғары. Олжас Бектенов 6 қазанда өтетін референдумда оң шешім қабылданса атом электр стансасы салынып, осы проблемалар шешімін табады деді. АЭС құрылысы энергетикалық және өнеркәсіптік өндірісті әртараптандыруға ықпал ететінін айтты.