$445.65 €508.71 ₽5.3
×

Тұтынушылардың құқығын қорғау тәртібі өзгеруі мүмкін

AstanaTV
23.09.2026ж. 19:00
Тұтынушылардың құқығын қорғау тәртібі өзгеруі мүмкін

Тұтынушылардың құқығын қорғау тәртібі өзгеруі мүмкін. Заң жобасында сатып алушының құқығын тек тауар алуда емес, бірнеше бағытта қорғау көзделген. Бұдан бөлек, тұтынушыға тиімсіз шарттардың күшін жою, дауды сотқа жеткізбей шешуге ынталандыру және Омбудсмен институтын енгізу ұсынылып отыр. 

Заң жобасы қабылданса, қорғау талаптары тек тауарға емес, жұмыс пен көрсетілетін қызметтерге де қатысты болады. Яғни сапасыз орындалған жұмыс немесе дұрыс көрсетілмеген қызмет үшін тұтынушының құқығын қорғаудың бірыңғай тәртібі енгізіледі. Сандарды сөйлетсек, тек өткен жылдың өзінде тұтынушылар құқығына қатысты 80 мыңнан астам өтініш түскен.

НИКИТА ШАТАЛОВ ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, "ӘДІЛЕТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қазір біз тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай базалық стандарттарын енгізіп жатырмыз. Оның ішінде көлік қызметтері, әуе тасымалы, жөндеу жұмыстары, жиһаз жасау сияқты негізгі тұтынушылық қызметтер қамтылады. Енді бірыңғай базалық стандарт барлық қызмет түріне ортақ болады. Яғни, келісімшартта тұтынушының құқығын шектейтін қандай да бір талапты ұсақ қаріппен жасырып енгізуге жол берілмейді.

Сонымен қатар тұтынушылар құқығы жөніндегі Омбудсмен институтын енгізу ұсынылып отыр. Жаңа институт азаматтарға кеңес беріп, жүйелі мәселелерді көтеруге және тұтынушылардың мүддесін қорғауға қатысады. Сондай-ақ құқықтарды қалпына келтіру мен заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыныстар әзірлеуі мүмкін.

ЕРКЕБҰЛАН ТАҒАШЕВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Омбудсменге әр азамат түрлі жағдайлармен жүгіне алады. Оған шектеу қойылмаған. Тұтынушы егер құқығын қорғай алмайтын болса, құзіреті жетпей дегендей сонда ол омбудсменге  шағымдана ала алады. Сосын омбудсмен соның өкілі болып сотқа да қатыса алады.

Заң жобасында дауды сотқа жеткізбей шешуге ынталандыратын жаңа тетік те қарастырылған. Егер кәсіпкер мәселені бастапқы кезеңде шешуге мүмкіндігі бола тұра, дауды сотқа дейін жеткізсе, тұтынушының пайдасына айыппұл төлеуі мүмкін. Бұл дауларды ертерек және өзара келісіммен шешуге бағытталған.

ДӘУРЕН ИСМАИЛОВ, ҚР СИМ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл заң жобасы тұтынушылардың құқығын қорғаудағы маңызды қадам деп санаймын. Қазір келісімшарттарға тұтынушының заңда көзделген құқығын шектейтін немесе оған қосымша міндеттер мен шектеулер жүктейтін талаптар енгізілетін жағдайлар кездеседі. Мұндай талаптарды жарамсыз деп тану сатушылар мен қызмет көрсетушілердің шарт жасау кезіндегі жауапкершілігін арттырады.

Осылайша, жаңа талаптар тұтынушы құқығын қорғау тетігін күшейтуге бағытталған. Өзгерістер қабылданса, ол тауармен қатар, жұмыс пен қызмет көрсету саласына да қолданылады.