$445.65 €508.71 ₽5.3
×

Депутат түн тыныштығын бұзғандарды анықтайтын технология енгізуді ұсынды

AstanaTV
23.09.2026ж. 19:00
Депутат түн тыныштығын бұзғандарды анықтайтын технология  енгізуді ұсынды

Солтүстік пен Шығыс халқы көгілдір газдың игілігін қашан көреді? Үкіметтің ұзақмерзімді жоспарына қарасақ, алдағы 10 жылда тартылуы ықтимал секілді. Бірақ нақты қадамдар егжей-тегжейлі ашық деректерге шықпаған. Құрылтай депутаты,  "Әділет" фракциясының мүшесі Ерлан Сайыр аталған аймақ тұрғындарының уәжін Энергетика министріне жолдады. 3,5 млн адам тұратын бұл өңірлердің ел экономикасындағы рөлі зор. Аграрлық өнімнің 46, өнеркәсіп өнімінің 21 процентін өндіреді. Алайда әлі күнге көмірдің көк түтініне қақалып отыр. Салдарынан аймақты тастап кетіп жатқандардың саны артқан.

ЕРЛАН САЙЫР, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, "ӘДІЛЕТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

2025 жылы көшіп келушілер мен көшіп кетушілер арасында  кері сальдо 27 мың адам болды. Оның басты себептерінің бірі аймақтардың газбен қамтылмауы. «Әділет» Фракциясы келесі қадамдар қажет деп есептейді:  Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Солтүстік- шығыс экономикалық аймағын газдандыруды тездету. Құбыр тарту үшін мемлекеттік-жекешілік әріптестік, жеке инвестиция көздерін тарту. Елімізде ішкі газ көздерін іздестіруді тереңдету.

Азаматтар көтерген мәселені жай ғана тіркеп қою жеткіліксіз. Дер кезінде шешім қабылдап, нәтиже көрсету маңызды. Сонда ғана халық үніне құлақ асатын мемлекет құрылады дейді депутат Кендебай Адамбек. Ол түнгі уақытта тыныштық бұзатындарды анықтау тетігін күшейтуді талап етті. Азаматтар арызданса ғана, айыппұл арқалайтын жүйеге көңілі толмайтынын кесіп айтты.

КЕНДЕБАЙ АДАМБЕК, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, "ӘДІЛЕТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мәселені шешудің бір жолы – шу деңгейінің шамадан тыс көтерілуін автоматты түрде тіркейтін акустикалық жүйе орнату.Мысалы, АҚШ-та автоматты акустикалық камералар пайдаланылады. Кей жағдайда көлікті тәркілеу де қарастырылған. Германия мен Францияда түнгі рейдтер өткізіліп, арнайы жылжымалы зертханалар қолданылады.