$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Түркістан облысындағы Кеңесарық ауылының балалары күнделікті 22 шақырым жерге мектепке қатынап жүр

Түркістан облысындағы Кеңесарық ауылының балалары күнделікті 22 шақырым жерге мектепке қатынап жүр

Түркістан облысындағы Кеңесарық ауылының балалары оқу жылы басталғалы білім алу үшін күнделікті 22 шақырым жол жүруге мәжбүр. Өйткені жазда басталған мектептің жөндеу жұмыстары әлі бітпеген. Күрделі жөндеудің тым созылып кетуі салдарынан ауылдағы 300-ге жуық оқушы өзге үш елдімекенді басып өтіп, төртінші ауылға қатынап жүр.

300-ге жуық оқушы күнделікті екі мезгіл осылай тізіліп тұрады. Ауылдың үлкендері де қыркүйек басталғалы тайлы-тұяғымен көше басына жиналатын болған. Бірі баласын, енді бірі немерелерін шығарып салып, күтіп алады. Мұғалімдердің жауапкершілігі қоса артқан. 4 автобусқа оқушыларды түгендеп отырғызып, түсіру де бір жұмыс. Бастауыштың 117 баласы түске дейін оқыса, өзгесі екінші ауысымда. 22 шақырым жердегі Қостөбе ауылына дейінгі жол да мәз емес деген ата-аналар күн суыса жағдай қалай болады деп алаңдаулы.

СӘТҚҰЛ ҚАМБАРОВ,  КЕҢЕСАРЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Амалдап жатырмыз, мына мектеп біткенше. Әрине, оңай емес. Қаратөбе мен Қостөбенің ортасындағы жол нашар дейді. Қауіп бар. {Мектебіміз бітпей қалса, біздің ауылды білесіздер, қыр-сай. Көше тайғанақ болады. Тасымал қиын амалдаймыз енді, сол ауылдың мектебі біткенше.

Кеңесарықтағы жалғыз мектеп 1990 жылы салынған. Сәуірдің соңында басталуы тиіс болған күрделі жөндеу жұмысы 1 маусымда бір -ақ басталыпты. Құрылыстың кешеуілдеуіне тендердегі тартыс себеп көрінеді. Салдарынан енді оқушылар сандалып жүр. Жоспар бойынша жөндеу жұмыстары желтоқсанда аяқталуы тиіс. Алайда , құрылыстың сапасына да көпшіліктің көңілі толмай тұр. Өйткені бітпей жатып терезелер сынып жатыр дейді.

БАҚЫТЖАН АЙНАБЕКОВ,  КЕҢЕСАРЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Білмеймін, осы күрделі жөндеуге млрд ақша бөлінген. Сапалы болуы керек еді. Ертең терезелерден су кіретін болса, іштері сыланғаны, гипспен сыланғаны оның бәрі ертең түседі мүжіліп.

Ал білім бөліміндегілер мұның уақытша қиындық екенін айтады.

БЕКАЙДАР ТОЙЛЫБАЕВ, ТӨЛЕБИ АУДАНЫ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Күн суымай балдар кіреді, жайлы, әдемі мектепте отырады. Мен оған сенімдімін. Істеп жатқан жұмысы сапалы істелініп жатыр.

Тұрғындар сонда да алаңдаулы. Өйткені оқушыларды тасымалдайтын автобус жолында өзен бар, ондағы көпірдің де құрылысы бітпеген.