$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақтөбеде 9 жастағы бала әткеншектен құлап, қаза тапты

19.09.2024ж. 20:00
382
Ақтөбеде 9 жастағы бала әткеншектен құлап, қаза тапты

Ақтөбеде Есет батыр тұрғын үй алабында 9 жастағы бала әткеншектен құлап көз жұмды. Ол басынан ауыр жарақат алған көрінеді. Жедел жәрдем келгенше жан тапсырған. 

9 жастағы Абат көрші үйдің ауласында ойнап жүріп, құлаған.Үйдің бейнебақылау камерасына оның құлаған сәті түсіп қалыпты. Видеода балалардың оны артынан қатты екпінмен тербетіп жатқаны көрінеді. Жерге құлаған сәтте басынан ауыр жарақат алған. Жедел жәрдем келгенше көз жұмды.

ГҮЛМАРАШ БАЛМАҒАМБЕТОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ БЕКЕТІ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Диагнозы ашық бас миының жарақаты, бас негізінің ашық жарақаты, оң жақ қабырғасының жабық сынығы, гемоторспен өмір сүруге мүмкіншілігі жоқ жарақат. Травма несовместимо с жизнью.

Қайғылы жағдай болған сәтте Абаттың әкесі басқа баласымен ауруханада жатқан. Ал анасы ұлының қаза болғанына әлі сене алар емес.

ӘЛИЯ САҒЫНДЫҚОВА, БАЛАНЫҢ АНАСЫ:

Соншама тербеткен ғой. Ұшқан. Қайтадан тұрғанда құлаған ғой. Мен көршілерге жалындым мына жақтан түсе алмай жатырмын. Есіктерді ашшы деп. Шықсам кіре алмаймын. Балам бәріне көмектесетін еді. Балам шығып кетті ғой. «Мама қазір келем, ойнап келемін»деп, Қолқанатым еді.

Абат 4 сыныпта оқыған. Кәсіби түрде каратэмен айналысқан. Өте белсенді, сабақта озат оқушы дейді ұстаздары.

ТАЙБЕК АБДУЛЛИН, ҚЫЗЫЛЖАР ОРТА МЕКТЕБІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бала өзі сабақты жақсы оқитын. Толық отбасының баласы ғой. Үйінде анасы, әкесі, інісі бар. Осындай жағдайға ұшырап қалып отырмыз. Мектептің атынан жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.

Айта кетейік, осы оқиғаға қатысты «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бабымен іс қозғалды. Қазір тергеу-тексеру жүріп жатыр.