Назарбаев университетінде осы
жылдың күзінен бастап агрохимия өнімдерін сертификациялайтын, халықаралық
стандарттарға сай алғашқы зертханалар жұмысын бастайды. Бұл жоба
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры АҚ-ның Назарбаев университетімен
қарым-қатынастын арттыруы нәтижесінде жүзеге аспақ.
Аталмыш қорға қарасты «Тау-кен Самұрық» «Біріккен
химиялық компания» және «Самұрық Энерго» қоржындық компаниялары бүгін Назарбаев
университетімен химиялық, мұнай-химиялық, геологиялық ғылыми зерттеу
лабораторияларын салу мақсатында біріккен жол картасына қол қойды.
Айта кетейік, бұл бастама
Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты
мақаласындағы тапсырмаға сай жүзеге асып отыр. Қол қойылған жол картасы шеңберінде университет базасында көзделген
жұмыстар кешенін құрау және жарақтандыру, практикалық және ғылыми-өндірістік
орталықтарды салу көзделген. Сондай-ақ, 2017-ші жылдың соңына дейін университет
қабырғасында мұнай өңдеу бағытында тағы бір зертхана іске қосылады.
Ержан Тұтқышев,
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ жаңа салаларды дамыту жөніндегі тең-басқарушы
директоры:
Бұл зерттеулер өз
ерекшеліктері қалыптасып, аяққа тік тұрған, тіпті өз өңдеуі, процессі бар
элекроэнергетикалық, мұнай-газ компанияларға ғана бағытталмайды. Біз
Қазақстанның болашақтағы жаңа бағыттарына да көз жүгіртіп отырмыз. Ол
сертификатталған зертханаларды қажет ететін химия, мұнай-химия, тау-кен
өндірісі салалары.
Айта кетейік, келісім аясында
ғылыми-практикалық орталықтармен тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтар да
өткізіледі. Жұмыс барысы кен байытудан металлургияға дейін технологиялық
тізбек бойынша жүретін болады. Ұлттық әл-ауқат қоры Назарбаев университетімен
қызметтік қарым-қатынасты мұнан әрмен де арттыруды көздеп отыр. Мысалға,
2017-ші жылдың соңына дейін жоғары оқу орнымен қоржындық компаниялар арасында
тағы да мұнай-газ және энергетика саласында жаңа зертханалар салудың жол картасына
қол қойылмақ.