$484.11 €528.79 ₽5.03
×

Министрлер енді үй-жайларын жалға бере алады

AstanaTV
02.10.2024ж. 13:11
247
Министрлер енді үй-жайларын жалға бере алады

Министрлерге қайтадан тұрғын үйді жалға беруге рұқсат беріледі. Қазақстан үкіметінің мүшелері тұрғын үйді жалға беріп, одан табыс таба алатын болады. Бұл үшін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізуді ұсынды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін Мәжіліс депутаттары сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын талқылады. Бұл заң жобасында келесі түзетулер қарастырылған:

Үкімет мүшелеріне өз меншігіндегі тұрғын үйлерді жалға беруге және одан табыс алуға тыйым салатын норманы алып тастау;

Мемлекеттік қызметкерлердің міндеттерін уақытша атқаратын тұлғалардың құқықтарын қызметтегі мемлекеттік қызметкерлермен теңестіру;

Табыс әкелетін мүлікті сенімгерлік басқаруға бермеген жағдайда саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің қызметінен босатылу шарттары нақтыланған;

Мемлекеттік функцияларға сәйкес келмейтін қызмет түрлерімен айналысуға тыйым салынған лауазымды тұлғалардың тізімі нақтыланған.

Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Тыйым кімдерге, қашан салынды?

Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге, оның ішінде министрлерге, тұрғын үйді жалға беруге тыйым салу 2015 жылы қабылданған "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңның аясында енгізілді. Бұл шектеу мемлекеттік қызметкерлердің адал қызмет етуін және жеке мүдделерін мемлекеттік функциялардан ажыратуды қамтамасыз ету мақсатында енгізілген болатын.

Бұл заң мемлекеттік қызметкерлерге тікелей немесе жанама түрде қосымша табыс көздерінен пайда табуды шектеуді көздеді, соның ішінде тұрғын үйді жалға беруден алынатын табысты да қамтыды.

Осылайша, 2015 жылы қабылданған заң мемлекеттік қызметкерлердің кәсіпкерлік қызметпен айналысуына немесе тұрғын үйлерін жалға беруге тыйым салуды заңдастырды.