Астанада «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен мәслихат депутаттарының Форумы басталды. Іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуда.
Форумға қатысушылар қатарында Парламент Сенаты мен Мәжіліс төрағалары, Премьер-Министр, Мемлекеттік кеңесші, Президент Әкімшілігінің басшылығы, Үкімет мүшелері, Парламент және мәслихат депутаттары бар. Қатысушылардың жалпы саны – 2500 адам.
Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов мәслихат депутаттарының Форумында өз сөзін бастады.
«Бүгін аса маңызды жиын. Мәслихаттар форумы біз үшін ең өзекті мәселелерді талқылайтын, пікір алмасатын дәстүрлі алаңға айналып келеді. Осы форумда алғаш рет еліміздегі алты бірдей саяси партияның өкілдері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары және бір мандатты округтерден сайланған депутаттар бас қосты. Парламенттің депутаттық корпусы мен Үкімет мүшелері де түгел осында. Форумға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы қатысып отыр. Бұл – бәріміз үшін үлкен мәртебе. Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысымызды білдіріп қояйық!», - деді ол.