$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Астанада ақындар айтысы өтті

Астанада ақындар айтысы өтті

Астанада ақындар айтысы өтті. "Бағаналы орда – Астана" командалық сайысында елорда мен Алматы облысының өнерпаздары сынға түсті. Екі өңірдің дүлділдері бас қосқан жарыс "AMANAT" партиясының қолдауымен ұйымдастырылды. 

Ұлттық құндылықты ақындық өнер арқылы халыққа насихаттауды мақсат тұтқан сайысқа халық көп жиналды. Шараның шымылдығын қыз бен жігіт айтысы түрді. Алғашқы жұп бір-бірін қалжыңмен қағытып, әзілмен түйреді. Ел ішіндегі өзекті мәселелерді де қозғады.

Республикалық дода ұлттық өнерді дәріптеушілердің шығармашылық дамуына жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылған. Сондай-ақ өңірлердегі өнер өкілдерінің байланысын нығайтуды көздейді.

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бір жарым жылға созылатын мегажоба 2024 жылдың басында басталды. Бұл жобаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, бүкіл аймақтан Астана мен Алматыны қосқанда 20 команда бақ сынасады. Жеңген екі команда ең соңында Наурыз мерекесінде жеңімпаздыққа таласып, финалдық бәсекеде бақ сынайтын болады.

Алматы өнер ордасы десек, қазір елордада да қоныс тепкен өнер майталманы көп. Сондықтан екі команда бір-біріне тең дәрежедегі бәсеке.

СЕРІК ҚАЛИЕВ, АҚЫН, АЛМАТЫ КОМАНДАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Бұл да бір өнер жәрмеңкесі, сайыс, бәсеке деп қабылдаймыз. Ең бастысы елге рухани азық және айтысымыз арқылы ұлттық кодымызды қайта бір түлетудің даңғыл жолына бастап бара жатқан игі, өнегелі іс-шара деп қабылдаймыз.

Сахнада айтыскерлерден бөлек, команданың құрамындағы жыршы-термешілер, дәстүрлі әншілер мен күйшілер өнер көрсетті.

ЕРБОЛАТ ШАЛДЫБЕКОВ, ТЕРМЕШІ:

Айтыспен бірге әнші, күйші, жыршы, термеші болып арнайы мамандар осы өнердің әр саласы бойынша қатысып жатыр. әрқайсысы ортаға салып көрсетіп жатыр. Бұл әрине, біздің жалпы мәдениетіміздегі өнерімізді толықтай қамтып, халыққа дәріптеу мақсатында жасалған дүние.

Байқауда шын таланттың өнері айқындалды. Азулы ақындар мен өзге де өнерпаздар аймақтың намысын қорғау үшін барын салды. Көрермен де қошеметін аямады.