Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Ақтөбе іргесіндегі саяжайда ескі вагонда тұрып жатқан отбасы көмек күтеді

AstanaTV
04.05.2017ж. 20:00
2774
Ақтөбе іргесіндегі саяжайда ескі вагонда тұрып жатқан отбасы көмек күтеді

Ақтөбе қаласының іргесіндегі саяжайда ескі вагонда тұратын жалғызбасты ана көмекке мұқтаж. Шолпан Жоламанованың жолдасы бір жыл бұрын дүние салған. Үлкен қызы мен ұлы отбасын құрып, бөлек кеткен. Бірақ көмектесуге мүмкіндіктері жоқ. Қамкөңіл ана қазір кішкентай төрт баланы жалғыз өзі бағып отыр. Ал енді вагоннан да қуып шығуы мүмкін.

Шолпанның тұрып жатқан жері осы. Мұнда қалай қыстап шыққанына таң қалдық . Балаларының мектепке қатынауы да қиын. Өзінің екі жерде еден жуушы болып еңбек етіп табатыны 40 мың теңге. Ол балаларының тамағынан да ауыспайды, деп отыр.

Шолпан Жоламанова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Енді маған босатып бер деп жатыр осының 25-іне. Менің баратын жерім жоқ. Үйдің кезегінде тұрмыз, екі жылдан бері опекун баламен. Соны мүмкіндігі болса, жеделдетіп көмек берсе деймін.

Бұл -  негізінен саяжай ұжымының шаруашылық заттарын орналастыруға арналған жер. Шолпан жолдасымен бірге мұнда күзетші ретінде тұруға  келіскен. Алайда, аумақты бірнеше жыл бұрын әлдекім өз атына аударып алған. Қазір онымен саяжай ұжымы соттасып жатыр. Шолпанның енді тез арада өзіне «кең сарайдай» болған ескі вагонды босатуы керек.

Боранбай Дүзмағамбетов, «Ромашка» бау-бақша ұжымының төрағасы:

Мен айттым, тұра берсін. 5 баламен қайда барады? Опекунствоға алған баласы бар. Мына кішкентай балалар. Бірі 3-те, бірі 5-те. Халық не айтады? Мұнда тұра берсін дейді. Егер сот дұрыс шешім шығарса, біздің коллективтің өзіне қайтып беруге мүмкіншілігі бар. Ол айтты, біз қарастырып жатырмыз, акиматтан шешімін қайта қараймыз деген.

Қамкөңіл әйелдің, сот өздері үшін тиімді шешім шығарғанның өзінде, үйшікте қалғысы жоқ. Бұған дейін көмек сұрап шаһар басшылығына бірнеше рет барған. Біз де әкімдіктен жалғызбасты анаға қандай көмек болатынын білуге тырыстық. Қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ұшқын Мыңбаевтың айтуынша, Жоламановаға өзі тұратын саяжай аумағынан жер учаскесі бөлінген.

Ұшқын Мыңбаев, қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Ескере отырып, комиссияға шығарып, өтінішін қарап, келісім берілді. Әрі тиісінше қала әкімінің қаулысы шығарылып, жер учаскелері «Ромашка» бау-бақша ұжымынан рәсімделіп берілді. Үш жыл мерзімге жалға беру құқығымен. Егер мақсатына сай толық игеріп жататын болса, ары қарай жекеменшікке беруге мүмкіндік қарастырылатын болады.

Демек, әзірге Шолпанның ол жерге бау-бақша өсіріп, шағын үй тұрғызуға ғана рұқсаты бар. Бірақ сол үйшіктің өзін салуға мүмкіндігі де, қаржысы да жоқ.  Сондықтан жергілікті құзырлы орындар мен қалталы азаматтардан көмек күтеді.

Жақсыбек КЕМАЛ