$513 €541.16 ₽4.69
×

«Қалың малым 6 млн теңге болды»: танымал блогер желі қолданушыларының ашуына тиді

AstanaTV
29.11.2024ж. 17:14
114
«Қалың малым 6 млн теңге болды»: танымал блогер желі қолданушыларының ашуына тиді

Әлеуметтік желіде Қытаймен сауда-саттық жүргізуді үйрететін блогер Гүлзат Әзімжан өзіне берілген қалыңмал туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өз сөзінде блогер әр өңірдегі қалыңмал мөлшерін тілге тиек етіп өтті.

«Менің қалыңмалым қазіргі ақшамен 6 млн теңге болды. Ойлаңыздаршы, қызды 6 млн теңгеге алу деген Қазақстанда мүмкін емес. Ал бізде мүмкін. Ол енді Қытайдағы қазақтардың қалыңмалы. Қазіргі кезде қыздардың қалыңмалы әр жерде әртүрлі. Мысалы Алматыда 500 мың, 1 млн, 1,5 млн теңгенің аралығында. Шымкентті айтпай-ақ қояйын, біраз жақсы енді, бізге жақындап қалады. Олар салт-дәстүрде де бізге келеді.
Ал батыс жақты айтпай-ақ қояйын. Олар тіпті тегін береді. Екі жас бақытты болсын, болды деп. Ол қалай? Білмеймін енді, сонша қызыңды бағып, қалыңмалсыз қалай жібересің? Әй, ол қалыңмал деген қызыңды сату емес. Мысалы, мен 6 млн теңге болдым десем, сені сатыпты ғой дейді. Ол сатқанға келмейді. Әй, сен анаңның сүтін ақтамайсың ба!?» - дейді блогер.

Ол қалыңмал қазақтың салт-дәстүрінің бірі екенін айтты.

«Қалыңмал деген қыз сату деген сөз емес. Ешқашан олай ойламаңыз. Қалыңмал алса, ол дұрыс. Ол қазақтың салт-дәстүрінен келе жатқан үрдіс», - деді Гүлзат Әзімжан.

Оның бұл пікірі желі қолданушыларының ашуын келтірді.

«Біртүрлі екен», «Ақымақтың әңгімесі, теңін тапса, тегін бер», «Батысқа тиіспей жөніңе отыр, батыс ешкімнен ақылын қыстырмайды», «Мамаңның ақ сүтін қалыңмалмен ақтайсың ба не? Екі жастың бақытты отбасы болып жақсы тұрып кетуі, вот сол – ананың ақ сүтін ақтау. Батыста дұрыс істейді», - деп жазды желі қолданушылары.