Оралдағы түнгі клубтардың жұмыс уақытын қысқарту керек. Өйткені бұл орындар қылмыстың ошағына айналған. AMANAT-тың партиялық бақылау комиссиясының отырысында жын-ойнақтың мазасыз меймандарынан "шаршаған" оралдық тәртіп сақшылары осындай ұсыныс айтты. Олардың дерегінше, қаладағы түнгі клубтарда жыл басынан бері 80 қылмыс тіркелген. Мұнда тәртіптің шектен шыққаны соншалық, ұрлық пен төбелес түгілі, есірткі саудасы өршіп тұр. Келген қонақтарына ие бола алмай қалған клубтардың бірі тіпті полицияны 28 рет шақырыпты. Амалы таусылған сақшылар қылмыс көп жасалатын клубтардың біреуін жауып, қалғандарының жұмысын түнгі 2:00-ге дейін шектеуді ұсынды. Әйтпесе бұдан жастар жапа шегіп жатыр.
ГҮЛНАР ӘЛЖАНОВА, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ БҚОФ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Барлығының айтатыны - кәсіпкерліктің өрісін кеңейтуге тиіспіз, оларға біз тосқауыл қоя алмаймыз деген бір ауыз сөз. Ал шындығында біз өзіміздің болашағымызға балта шауып жатырмыз ғой. Қылмыстың бәрі түнде жасалады ғой. Ішімдік сататын кәсіпкерлерге тыйым бере алмасақ, қалайша жастардан тәрбиені осылай етіңіздер деп айта аламыз?
Партиялықтар күндіз-түні ішімдік сататын алкомаркеттердің жұмысын реттеуді ұсынды. Өйткені шаһарда алкомаркеттер көбейіп кеткен. Кәсіпкерлер түнде ішімдік сатуға болмайды деген тыйымды да ескерер емес. Бұған қарсы күресте дәрменсіз екенін айтқан құзырлы орган өкілдері AMANAT-тың араласуын сұрап отыр.
МАХАМБЕТ СҰЛТАНҒАЛИ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ БҚОФ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Біз орталық аппаратқа көңіл көтеру орындарының жұмыс уақытын түнгі екіге дейін шектеуді заң аясында қарастыру туралы ұсыныс жібереміз. Сосын ішімдік тек түнгі 11-ге дейін сатылуы тиіс. Бірақ алкомаркеттің ішінен бар ашып алған кәсіпкерлер алкогольді түнімен сатады. Арақ-шараптың бұлай қолжетімді болуы қоғамға кесірін тигізеді. Сондықтан, бұған жол берілмеуі керек, жастар зардап шекпеуі тиіс.