Биыл энергетика саласында ауыз толтырып айтар жетістік көп. Жылу электр орталықтарының біразы күрделі жөндеуден өтті. Елдімекендерді газбен қамтамасыз ету де қарқынды жүргізілуде. Түркістан облысының өзінде 600-ге жуық ауылға көгілдір отын кірді. Саладағы жыл ішінде жеткен жетістіктерді Сүндет Оралбек жіпке тізді.
СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:
Қазір өміріміз тікелей электр энергиясына байланған. Онсыз 1 күн өмір сүрудің өзі қиын. Жүріс-тұрысымыз бен жұмысымыздың барлығы да қуат көзіне тәуелді. Сол себептен энергияны тұтыну көлемі күн санап артып келеді. Бүгінде тапшылық орын алмас үшін 222 станция үздіксіз жұмыс істеп тұр. Олар шығаратын қуат көлемі 20 Гвт-дан асады.
Еліміздің энергетика секторы экономиканың негізгі салаларының бірі. Өңірлерді тұрақты қуат көзімен қамтамасыз ету үшін Үкімет маңызды қадамдар жасауда. Биыл жауапты министрлік «Жылу-электр энергетикасын дамыту» бюджеттік бағдарламасы аясында қазынадан 14 жобаны іске асыруға 58 млрд теңгеден астам қаржы жұмсады. Қазірдің өзінде Орал қаласының «Ақжайық» ауданында қосалқы станция пайдалануға берілді. Салаға құйылған қайтарымды инвестиция көлемі де артты. Жылдық лимит 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Бұл энергия өндіруші ұйымдарға жабдықтарын жаңартуға, реканструкциялауға мүмкіндік берді. Қазір оңтүстік өңірлерде қуат көзі тапшы екені жасырын емес. Проблеманың алдын алу үшін Шу-Жамбыл-Шымкент бағыты бойынша ұзындығы 475 шақырым болатын 500 квт жоғары вольтты электр желісін салу қолға алынған. Мемлекет басшысы өз жолдауында энергия өндіретін жаңа нысандар салуға жағдай жасалуы керегін айтқан еді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазір энергия өндіретін жаңа нысандар салу үшін берілетін несие шарттарын қолайлы деп айта алмаймыз. Сондықтан Үкімет қаржы институттары арқылы ұзақ мерзімге арналған қолжетімді несие беру жолдарын ойластыруға тиіс. Энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекіту керек. Коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – өте өзекті мәселе. Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет.
Биыл жылу орталықтары үшін сәтті жыл болды. Себебі, станциялардың біразы жөндеуден өтті. Мысалы, Кентау қаласын жылумен қамтамасыз етіп отырған орталық 1956 жылдан бері реканструкцияланбаған. Тозуы 85 пайыздан асты. Ал биыл станцияның 6 қазандығында қайта құру жұмысы жүргізілді. Оның төртеуінің құрылысы толық аяқталған. Бұдан бөлек, Екібастұз 1-ГРЭС-те қуаты 500 МВт жаңа генерацияланатын бірінші энергоблок желіге қосылды. Жыл соңына дейін Атырау ЖЭО-да тағы 65 МВт, сондай-ақ 2025 жылы Топар ГРЭС-те 130 МВт пайдалануға беріледі деп күтілуде. Өңірлерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету де қарқынды жүруде. Қазірдің өзінде Астана маңындағы бірнеше елдімекен газға қосылды. Түркістан облысында да жұмыс баяулаған емес. Биыл 1 млн 800 мыңнан астам тұрғыны бар 564 ауыл табиғи газбен қамтамасыз етілді.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Әйелдер қауымы қатты қуанып жатыр. Көптен күткен еді. 1 ауылдық округтың өзінде 12 мыңнан астам халық тұрады. Биыл енді, 17 елдімекен бар, соның 10-ы қосылады деп отыр биыл.
- Ауылымыздың баласынан қартайған қариясына дейін осы істің басы-қасында. Қуанышымыз шексіз. Осы жерде 250 шақты үй бар. 1500-ға тарта ел тұрады. Осылардың игілігіне қызмет етеді деп қуанып жатырмыз.
Биыл 90,3 млн тонна мұнай өндіру жоспарланған. Бірақ, қойылған межеге жетпеуіміз мүмкін. Себебі, 11 айда 80,5 млн тонна қара алтын шығарылған. Ал оны өңдеу бойынша жоспар артығымен орындалды. 16,4 млн тонна мұнай өңделген. Бұл көрсеткіш жыл соңында 17,9 млн тоннаға жетеді деп күтілуде. Айта кетейік, саланы дамыту 2024-2040 жылдарға араналған Тұжырымдаманы бекіту арқылы қолдау тапты. Бұл мұнай өңдеу секторының ел экономикасын ілгерілететін стратегиялық маңызы бар сала екенін айғақтайды.