Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Швед саяхатшысы «ЕХРО -2017» көрмесіне түйемен барады

AstanaTV
23.05.2017ж. 20:00
2680
Швед саяхатшысы «ЕХРО -2017» көрмесіне түйемен барады

Атырауға швециялық саяхатшы табан тіреді. Ол Сахараның шөлі мен Маңғол жерін жаяу жүріп өткен. Шөлге төзімді түйе жануарын жанына серік еткен шетелдік Кристиан Бодегрен мұнан әрі Астанаға, ЭКСПО-ға барады. Шведтік азамат қазақтың ұшы-қиыры жоқ даласы мен аязына қатты таңқалғанын айтады.

43 жастағы Кристиан Бодегрен - тәжірибелі саяхатшы. 8 жыл бұрын Сахара жерін төрт түйесімен бірге жаяулатып жүріп өткен. Бұл жолы Моңғолиядағы үш айлық сапарынан соң Кристиан Қазақстан шекарасына табан тірейді. Айтуынша, моңғолдың қос өркешті жануарын орта жолда біздің елдің түйесіне алмастыруға тура келіпті. Өйткені өзге мемлекеттің жануарын біздің елге жібермеген.

Кристиан Бодегрен, саяхатшы:

Қазақстанның кең байтақ даласы бар, жер көлемі өте үлкен, көптеген кереметтерге куә боласың мұнда. Тұрғындары, мәдениеті қандай тамаша?! Мен Қазақ елінінің болашағы өте зор болады деп ойлаймын.

Кристиан сегіз айда Қазақстанның барлық өңірін дерлік аралап үлгерді. Ол мұнда жылдың төрт мезгілін бастан өткерген. Ұлы жібек жолымен жүріп өткен саяхатшы көшпенділер рухымен ойша дидарласқандай әсерде болғанын айтады. Қаһарлы қысты Солтүстік өңірінде қарсы алып, шатырда түнеген Кристиан мұндағы ызғар мен желді ұмытпастай болдым дейді. Ендігі бағыты - Каспий теңізі. Одан әрі Астанаға табан тіремек.

Кристиан Бодегрен, саяхатшы:

ЭСКПО-ға қатысамын. Бұл көрме мен үшін өте қызықты болғалы тұр. Көшпенділердің мәдениетімен жақын танысқым келеді. Шақырту бойынша маңызды шараға қатысып, өз көзіммен көріп, кереметке қанықсам деймін.

Саяхатшы Елорда төрінде өтетін "Astana Art Fest" фестиваліне қатысуды да жоспарлап отыр. Ұйымдастырушылар биылғы шараны "Номад Энерджи" немесе көшпенділер энергиясы деген ұранмен өткізеді. Швед саяхатшысының қазақ даласын кезіп өтуіне түрткі болған себептің бірі де осы болса керек.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, Әлия ЖАМИТОВА