Атырауда мектептен шу шықты. Салық Зиманов атындағы №37 мектеп мұғалімдері әлеуметтік демалыстан шыққан директордың әрекетіне наразы. Келе сала орынбасарларына лауазымнан босатуға хабарлама ұстатып, мұғалімдердің сағатын кері есептейміз деп талап қойған. Оқу жылының ортасындағы өзгеріс педагогикалық ұжымның жұмысына кедергі келтірді деген ұстаздар қауымы журналистерге шағымданды.
Мұғалімдердің айтуынша, Салық Зиманов атындағы мектептен маза қашқанына тура екі апта болған. 11-желтоқсан күні әлеуметтік демалыстан оралған директор жаңа талаппен келді,- дейді . Бірден екі орынбасарға шүйлігіп, жыл аяғында лауазымды орынды тапсырасыңдар деп хатшыдан хабарлама жіберген.
АЙЖАН ШАШТИЕВА, №37 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОҚУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
23-желтоқсанда қолымызға хабарлама берді. Ол жерде ешқандай себебі көрсетілмеген. Менің қолымда тұрақты бұйрығым бар отыруға. Бізге тек 7 күн қалғанда хабарламаны беріп тұр. 1 ай бұрын емес. Осы заңсыздықтарды шешіп беруді сұраймын. Осы кезге дейін жиналыстардың барлығында ұжымның көзінше бізді қысымға алды.
ЖАДЫРА МҰРАТОВА, АҒЫЛШЫН ТІЛІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:
Сағаттарын азайтты, еркінен тыс арыз жазуға мәжбүрлеп отыр, жазбасада да алып тастадық, бұйрық шығарып қойдық деп,- ескертіп отыр. Мен осы жерде кәсіподақпын. Кәсіподақты тапсырасың деп кабинетіне шақырып алды. Сағатымыз азаяды деп қорқып отырмыз, әріптестерге көптеген зиянын тиеді деп қорқып отырмыз.
Қолымызда заңсыз әрекеттердің дәлелі бар деген ұжым еңбек инспециясына шағым жазған. Оқу жылы ортасында жұмыстан айырылсақ, қайда барамыз,- деп уайымдайды ұстаздар. Мұғалімдер мұң шағып тұрған кезде, мектеп директоры да келе қалды. Алайда сұхбат бермек түгілі, біразға дейін табалдырықтан аттатқан да жоқ. Тіпті полиция шақырды. Тіпті өзіме ешкім шағым айтпады деп азар да безер болды.
АЙНАГҮЛ БӨЛЕКОВА, С.ЗИМАНОВ АТЫНДАҒЫ №37 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Маған ешкім қарсылық білдірген жоқ. Маған ештеңе айтқан жоқ. Тек қана екі лауазымдық орынды мен оны хаттай жолдадым қалалық білім бөліміне. Болды басқа ештеңеге тиіскен жоқпын.
Мұғалімдер мен директор арасындағы дау қаланың бас мұғалімі келгенде ғана басылды. Мектепке қызметтік тексеріс тағайындалды. Дегенмен оқу жылы ортасында ешбір мұғалім жұмыстан қуылмайды,- деді білім бөлімі басшысы.
АЙНАГҮЛ ДҮЙСЕКЕНОВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Өндірістік қажеттілікке байланысты директор тағайындаған. Ол заңсыздыққа жатпайды. Мектепке қызметтік тексеріс тағайындаймыз. Мектептің бүкіл тарифіне зерделеу жүргіземіз. Бірінші кезекте педагогтар жұмыссыз қалмау керек.
Мұндай келеңсіздік ұжымның көңіл-күйіне, мектептің оқу-процесіне әсер етеді. Сондықтан мектепішілік бақылауды қолдан шығарған мектеп басшысына қатысты бөлек шешім шығарылатынын айтты.