$519.28 €540.05 ₽5.31
×

Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен алматылық кәсіпкерлерге 55 миллиард теңгеден аса өтемақы төленген

06.01.2025ж. 20:00
416
Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен  алматылық кәсіпкерлерге 55 миллиард теңгеден  аса өтемақы төленген

2022 жылы қаңтар оқиғасында зардап шеккен алматылық кәсіпкерлерге өтемақы толықтай төленді. Қаскөйлер мегаполистегі бірнеше нысанды тоқтаусыз қиратып, сауда орталықтарын, қоғамдық тамақтану мекемелерін, банктерді, ақша айырбастау пункттері мен ломбардтарды тонап кеткен болатын. Нан тауып, күнкөрісін кәсібіне байлап отырған бинесмендер 55 миллиард теңгеден аса шығынға ұшырады. 

Нәпақасын қару-жарақ сатып тауып отырған Сергей Катнов қаңтар оқиғасында арандауға ұшырап, бұзақылар 6,4 миллиард теңге қаражатын қағып кеткен. Суық қаруға сумаңдап жүгірген қаскөйлер абырой болғанда оларды қолдана алмапты. Себебі, құрал-жабдықтар тек арнайы бақылаушының нұсқаулығымен іске қосылады екен. Ішіп-жерінен айырылған азаматқа мемлекет шығынды 6 ай ішінде толықтай қайтарып беріпті.

СЕРГЕЙ КАТНОВ, ҚАЗАҚСТАН ҚАРУ-ЖАРАҚ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бұл кәсіппен айналысып келе жатқаныма 34 жыл болды. Суық сайланған бұзақылар дүкенге кіріп, қару-жарақтар тұрған ең үлкен залға кіргісі келді. Құлыпты шешіп, қабырғаны құлату үшін 6 сағат бойы талпынды. Ақыры бұзып, қаншама мүлікті ұрлап кетті. Бұл нысан Алматыдағы ең жойқын зақымдалған дүкен ретінде тіркелді. Бірақ қуанышқа қарай, мемлекет тарапынан толықтай өтемақы берілді. Кәсіпкерлер палатасы шығынды қайтару үшін біраз күш жұмсады.

Қаңтардан зардап шеккендердің қатарында кәсіпкер Қанат Жалғасов та бар. Қаладағы сауда орталықтарында көзілдірік пен сағат сатумен айналысқан Қанат оқиға кезінде жұмыс орнына барған. Көз алдымда тауарларды ұрлап жатқан бұзақыларды көріп, өміріме алаңдап, кетуге мәжбүр болдым деген кәсіпкер 3 миллион теңге шығынға батқан. Дегенмен мемлекеттің қолдауымен өтемақы толықтай төленіп, кәсібі қайта жанданыпты.

ҚАНАТ ЖАЛҒАСОВ, КӘСІПКЕР:

Келсем осында ұрлап жатыр. Есіктердің бәрі сынған. Терезелердің бәрі. Адамдар тауарларды алып кетіп жатты есіктен шығып. Менің көршілерімнің тауарлары болды қолдарында. Менің тауарларым болды. Содан мен видеоға түсірдім телефонға. Сосын өміріме қауіп төнген соң кетіп қалдым бұл жерден. Сосын ертеңіне келсем мұнда сынған тоналған әбден.

Алматының өзінде 1600-ден аса кәсіпкер зардап шеккен болатын. Комиссияда 40 отырыс өткізіліп, онда жалпы құны 16 миллион теңге көлемінде 1640 өтініш қаралып, мақұлданған. Тәртіпсіздіктің алғашқы күндері мұнда 300-ден астам орта және шағын бизнес, оның ішінде 120 дүкен, 100-ден астам кеңсе және 80 қоғамдық тамақтандыру нысанына залал келтірілген.

ЕРЛАН ЕГЕУБЕКОВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ СОТҚА ДЕЙІНГІ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ҚЫЗМЕТІНДЕГІ АҒА КӨМЕКШІСІ:

Бизнес өкілдері, жеке кәсіпкерлер мысалы көптеген тонау деректері болды ғой. Мүліктік залалдар келтірілген. Ондай тұлғалардың барлығы арнайы құрылған мемлекеттік комиссия мүшелерімен анықталып, аталған тұлғалардың бәріне мемлекет тарапынан, яғни Қазақстан Халқы қорының атынан келтірілген залал толықтай өтеліп берді. Келтірілген залалдың суммасы мөлшері 55 миллиардтан асады.

Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жедел көмек көрсетілгендіктен, Алматының экономикалық өсу қарқыны мен іскерлік белсенділігі қайта қалпына келіп, өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі оң серпін берді.