Бала туып баюға болады. Былтыр 245 мың ана декретке миллионмен шықты. Олардың барлығының табысы жоғары болды ма, әлде коучтардың айтқанын істеп қаржы құйды ма? Бұл қаншалықты заңды? Толығырақ экономика топтамасында.
Елімізде мінілген автокөліктердің саудасы қызып тұр. Көш басын сапасымен көптің жүрегін жаулаған Toyota Camry бастады. Былтыр 57 мың 500 темір тұлпар сатылған. Бұл маркаға сұраныстың көптігі сонша, бірнеше жылдан бері сатылым жағынан барлық көліктерді артта қалдырды. Нарықта Volkswagen Passat-қа да қызығушылық жоғары. Өткен жылы 21 мың 300 седан жаңа иесін тапты. Daewoo Nexia 16 мың дана сатылыммен үздік үштікке жайғасқан.
Былтыр 245 мың 700 ана декретке миллионмен шықты. Оларға жалпы соммасы 385 млрд теңге төлем берілген. Тағайындалған қаржылай көмектің орташа мөлшері 1 млн 621 299 теңге. Сондай-ақ, бала тууға және нәресте 1 жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне 895 млрд теңге төлем берілген. Мұндай жәрдемақыны 504 мың 400 адам алды.
245 мың 700 ана декретке шықты
Төлем берілді - 385 млрд теңге
Орташа мөлшері - 1 621 299 теңге
Бала тууға, оның күтіміне 895 млрд теңге берілді
504 мың 400 адам жәрдемақы алды
Жеріміз жалға беріледі. Алматы қаласында жалпы ауданы 70 мың шаршы метрден асатын учаске 49 жылға АҚШ иелігіне өтеді. Америкалықтар ол жерге консулдық мекемесінің үй-жайларын салмақ. Қазір «келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы төменгі палатаның қарауында тұр. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті аталған заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын екенін жеткізді.
Валюта бағамына тоқталайық. Қор нарығында доллар бүгін 521 теңгеден саудалануда. Еуро 550, Ресей рублі 5,3 теңге болды.