$447.8 €516.76 ₽5.3
×

Цифрлық активтер саласы Қазақстан экономикасында мүлдем жаңа бағыт болып отыр, - Бектенов

Цифрлық активтер саласы Қазақстан экономикасында мүлдем жаңа бағыт болып отыр, - Бектенов
Үкімет

Олжас Бектенов экономикаға қаражат тартудың тағы бір тиімді құралы нақты активтерді токенизациялау тетігін кеңінен пайдалануды тапсырды

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Қазақстандағы цифрлық активтер нарығын дамытудың жаңа кезеңіне көшу бағытын айқындады. Қазірдің өзінде қажетті негізгі жағдай жасалды. Ендігі міндет – инвестициялар мен технологиялар тарту мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін толыққанды экожүйе қалыптастыру.
 

«Мемлекет басшысы еліміздің технологиялық жаңғыруына қатысты маңызды міндеттер қойды. Цифрлық активтер саласы Қазақстан экономикасында мүлдем жаңа бағыт болып отыр. Оның дамуына қажетті негізгі жағдайлардың бәрі жасалды. Енді толыққанды экожүйені қалыптастыру кезеңі жүріп жатыр. Яғни, бұл инвестициялар мен жаңа технологияларды тартып, отандық қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды», – деп атап өтті Олжас Бектенов.


Премьер-министр инфрақұрылымдық жобалар, жылжымайтын мүлік және экономиканың басқа да салаларына инвестиция тартудың тағы бір тиімді құралы ретінде нақты активтерді токенизациялау әлеуетін атап өтті.
 

«Ендігі кезекте цифрлық активтер мен жаңа қаржы құралдарын біртұтас қаржы және технология желісіне ықпалдастыру қажет.
Нақты активтерді токенизация жасауға баса көңіл бөлу керек. Бұл экономикаға қаражат тартудың тағы бір тиімді құралына айналады.

Бізде ірі инфрақұрылымдық жобалар, жылжымайтын мүлік нысандары, шикізаттық және басқа да активтер бар. Осы жобаларға қосымша қаражат тарту үшін токенизацияны пайдалануға болады.

Яғни, салынып жатқан кез келген ғимаратты немесе жобаны инвесторлар қаржыландыра алатын цифрлық үлестерге бөлуге болады. Мұндай жобаға кез келген адам акционер ретінде қатыса алады», - деп атап өтті Премьер-министр.


Ұлттық банк активтердің нақты тізбесін айқындауы қажет. Олар инвестиция тарту үшін басым тәртіппен цифрлық нысанға ауыстырылуы тиіс. Бұл тетік мұқият реттеліп, жүргізілетін мәмілелердің қауіпсіздігіне кепілдік берілуі керек.