Сәрсенбі күні таңертең Иранның батысында елдің жойғыш ұшағы апатқа ұшырады. Ұшқыштар апат алдында катапультаны қолданып аман қалды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Оқиға туралы Иранның IRNA ресми ақпарат агенттігі Иран әскери-әуе күштеріне сілтеме жасап хабарлады.
- 22 қаңтарда армия Әскери-әуе күштерінің ұшағы Хамадан провинциясында оқу-жаттығу тапсырмасын орындау кезінде апатқа ұшырады. Екі ұшқыштың да денсаулығы жақсы, - делінген хабарламада.
Провинция губернаторының орынбасары Хамзе Амраидің Tasnim ақпарат агенттігіне хабарлағанындай, Иран әскери-әуе күштерінің әскери ұшағы сәрсенбі күні таңертең Кебудрахенг маңында оқу-жаттығу кезінде апатқа ұшыраған.
Кебудрахенг қаласы солтүстік-батыста, Хамадан провинциясының орталығынан 60 шақырым жерде орналасқан.
БАҚ хабарлауынша, ұшқыштар жеңіл жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.
Бұған дейін Иран армиясы 1000 жетілдірілген ұшқышсыз аппарат алғанын жазған болатынбыз.