$447.73 €502.98 ₽5.35

Оқушылар мектеп директорына бензин шашып, шабуыл жасады

Оқушылар мектеп директорына бензин шашып, шабуыл жасады
Фото: AFP VIA GETTY IMAGES

Францияда оқушылардың наразылығы тәртіпсіздікке ұласып, 400-ден астам мектептің жұмысын тоқтатты

Францияда оқушылардың жаппай наразылық шаралары қылмыстық әрекеттерге ұласып, елдің ірі қалаларын шарпуда. Бұзақылар Парижде мектеп директорларының біріне бензин шашып, түрлі дене жарақатын салған. Тағы  екі білім беру мекемесін өртеуге тырысқан, деп хабарлайды AstanaTV Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Марсельде жүздеген жасөспірім лицейге бет алған өрт сөндіру көлігін қоршап алып, қызметкерлерді қуып жәберіп, техниканы өртеген. Ал Нант қаласында өрт салдарынан мектептің кіреберіс залы толығымен жойылды.

Тәртіпсіздіктер елдің өзге өңірлерінде де жалғасуда. Лилльде шерушілер қоқыс контейнерлерінен бөгеттер тұрғызса, Дижонда полиция топты тарату үшін жас ағызатын газ қолданған. Арандатушылар мектептен мектепке ауысып, ахуалды ушықтырып жүргені белгілі болды.

Жалпыұлттық наразылықтың басталуына кадр тапшылығы, сыныптардың тым толықтығы және мектеп ғимараттарының тозығы жетуі себеп болған. Бастапқыда бейбіт сипатта басталған қозғалыс кейіннен бұзақылық пен құқық қорғау органдарымен қақтығысқа ұласты. Соңғы күндері оқушылар акциясына жоғары оқу орындарының студенттері де қосылды.

Қазіргі уақытта 440 адам ұсталса, 120-дан астам тұрғын мен полиция қызметкері жарақат алған. Франция Білім министрлігі тәртіпсіздіктер ел бойынша 400-ден астам мектептің жұмысына кері әсер еткенін растады. Билік оқушылардың кейбір талаптары орынды екенін мойындағанымен, кез келген зорлық-зомбылық әрекеттері қатаң түрде тоқтатылатынын мәлімдеді.