$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қазақстан мен Сингапур: әріптестіктің жаңа биігі

AstanaTV
01.06.2017ж. 20:00
4981
Қазақстан мен Сингапур: әріптестіктің жаңа биігі

«Нұр Отан» партиясы әлемдік деңгейге бағыт алды. Елбасы партиясы енді «ХХ ғасырдың «экономикалық феноменіне» айналған Сингапур елінің билеуші партиясымен әріптестікті нығайта түспек. Астанадан шыққан арнайы партия делегациясы мыңдаған шақырымды артқа тастап, Сингапур еліне барды. Бұл сапар жайында толығырақ тілшіміз баяндайды.

Дамушы елдерді артқа қалдырып, бірден дамыған елдердің қатарына қосылу. Бұл - Сингапур елінің жетістігі. Сингапурдың «экономикалық феноменіне» әлем елдері таңдайын қаға қарайтындары сөзсіз. Осынау «экономикалық ғажайыптың» авторы - мемлекеттің негізін салушы тұлға, елдің бірінші премьер-министрі Ли Куан Ю мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арасындағы достық қарым-қатынас екі елді жақындастырып қана қоймай, ортақ мақсатқа ұйыстыра түсті. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы әріптестіктің жаңа биігіне қадам басты.

Сингапур премьер-министрі Ли Сянь Лун осы елдегі Халықтық іс-әрекет партиясының Бас хатшысы да болып табылады. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасарымен өткен кездесуде мемлекетаралық қана емес, сондай-ақ, партияаралық ынтымақтастық мәселелері де талқыланды. Кездесу соңында Мұхтар Құл-Мұхаммед Сингапур Үкіметінің басшысына - еліміз тәуелсіздігін жариялардан бірнеше ай бұрын, көрнекті қайраткер Ли Куан Ю мырзаның Қазақстанға келген сапары бейнеленген тарихи фотосуретті тарту етті.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Сингапур мемлекетінің негізін салушы Ли Куан Ю әрдайым біздің Елбасымыз жөнінде өте жоғары керемет пікірлер білдіріп келді. Дәл осындай құрмет Сингапурдың екінші буын саяси қайраткерлеріне де берілген. Сингапурдың экономикалық табысын бүкіл Батыс мойындады. Сондықтан біз Батысқа қарап бас шұлғи бермей, осы Сингапур сияқты шығыстық үлгідегі партиялардың да іс-тәжірибелерін үйренуіміз керек. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы осы елдегі ең жетекші партия саналатын Халықтық іс-әрекет партиясымен әріптестік байланыстар орнатты.

Әлемге әйгілі «экономикалық ғажайыпқа» жетудің басты саяси тірегі болған сингапурлық партияның тәжірибесінен батыл үлгіге алуға болады. Сингапур Қазақстанмен тек партияаралық емес, парламентаралық деңгейдегі диалогқа да әрдайым ашық екендерін жеткізді. Ел Парламентінің спикері Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне Сингапур делегациясын бастап келеді. «Шағын ел - Үлкен идеялар» деген ұранмен бұл елдің павильоны көрмеге келушілердің жоғары бағасын алатыны анық.

Халима Якоб, Сингапур парламентінің спикері:

Қазақстан Президенті - елінің өркендеуі үшін барлық күш-жігерін жұмсап келе жатқан өте көреген саясаткер. Мен Астанаға сапарымды асыға күтіп жүрмін. Қазақстандық көрменің барлық әлемде «жасыл технологияларды» дамыту үшін серпін беретініне сенімдімін.

Сингапурдың даму моделін әлем елдері үлгі тұтады. Қазақстан да бұл елдің озық жетістіктерін өзіне үлгі етіп алды. Мәселен, Президент бастамасымен жүзеге асырылған «Болашақ» бағдарламасы осы Оңтүстік-Шығыс Азия елінен алынған. Қазірдің өзінде Сингапурде жүздеген студенттеріміз білім алуда. Олардың кейбірі робототехниканы зерттесе, енді біреулері Ли Куан Ю атындағы мемлекеттік саясат мектебінде білімдерін жетілдіруде. Ал, бұл екі ел арасындағы әріптестіктің болашағын айшықтай түседі.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА