"Алиса" виртуалды көмекші кіммен сөйлеседі? Әлеуметтік желіде тұрғындардың зәресін алатын бейнежазба желдей еседі. Жұрттың айтуынша, құрылғы үй иелері шырт ұйқыға батқанда біреулермен сөйлесе бастайтын көрінеді. Бұл қаншалықты рас? Мамандардан сұрадық.
АЙДАНА ҚАЙРАТ, ТІЛШІ:
"Алиса" виртуалды көмекші осыған дейін де дөрекі, тіпті балағат сөздерімен танылған болатын. Кейде оның жауаптары шынымен күтпеген және қорқынышты болуы мүмкін. Мысалға оның амандығын сұрағанда - «мысықтардан жақсы ештеңе жоқ, сізде де бәрі жақсы деп үміттенемін» деп жауап берген. Сені кім ойлап тапты? деп сұрағанда - Яндекстің бағдарламашылары. Сондай-ақ дизайнерлер, топ-менеджерлер. Және тағы бір адам деген болатын. Белгісіз жанның кім екенін сұрағанда Мария Орловская деп жауап берген. Орловская болса, «мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы».
Осындай жағдайлардан кейін әлеуметтік желіде түрлі алыпқашпа әңгімелер пайда болған. Оған сенетіні де, сенбейтіні де бар.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Әрине қорқынышты, ол жауап береді.Қазір адамдар онсызда бір-бірімен сөйлеспейді, анау жалқаулардың ісі ғой.
- Ол жасанды интеллект, техника болғандықтан ондай жағдайлар болып тұрады. Жақында өзім Алисаны сатып алмақпын.
- Мен қорықпаймын. Бірақ алмаймын, бізге қажет емес.
Алисаның өздігінен сөйлеуі- сервердегі ақаулық. Мамандар осылай – дейді. Мұндай жағдайда Яндекс қосымшасындағы техниктерге хабарласып, қажет болған жағдайда құрылғыны ауыстырған жөн.
НҰРЖОЛ ТАБИҒАТ, GOOGLE АГЕНТІ:
Жасанды интеллект ол көп нәрсені есіне сақтайды. Түнгі уақытта мысалға адамдар сөйлескен болып жүрсе, ол есіне сақтап қалады. Сол уақытта сөйлескісі келуі мүмкін.
Смарт көмекшінің жадына жиі өзгеріс енгізіледі. Қазір авторлар Алисаны әдепті сөйлеуге үйретіп жатыр.
СЕРГЕЙ МЕЛЬНИК, АЛИСА ЖӘНЕ ЯНДЕКС АҚЫЛДЫ КӨМЕКШІЛЕРІНІҢ СУПЕРВАЙЗЕРІ:
"Алисада" өзгерістер үнемі болып тұрады. Нейрондық желіні қайта оқытқаннан кейін Алисаның жауаптары нашарлау қаупі әрқашан бар, сондықтан біз барлық жаңа нұсқаларды, қорлайтын сөз тіркестерінің мысалдары бар арнайы тізімдерін тексереміз. Осы арқылы проблемаларды анықтап, шешімін іздейміз.
"Алиса"-ның сервері 24/7 жұмыс істейді. Мамандар оны түнгі уақытта өшіріп, тоқтан ажыратып қоюға кеңес береді.