"Даму бала" арқылы баласын дамытамын дейтін азаматтар үйірмеге қатыспақ түгілі, кезекке тұра алмай әлек. Баланы тегін үйірмеге берудің машақаты көп деп жүргендер жеткілікті. Бұл порталдағы оқылық па, әлде орындар толық па? Әріптесім Еркелді Тілеуқұл баяндайды.
Баласын спорттық және шығармашылық үйірмелерге қатыстырамын деген ата-аналар біраз уақыттан бері әлекке түсуде. Олар ғаламторға кіруден әрі аса алмай отыр. Айтуларынша, тіркеу тәртібі ыңғайсыз болғаны аздай, портал істемей қалады екен.
Балам туралы мәліметті енгізсем, ары қарай қолтаңба қоюға жібермейді. Бас қатырып отырғаныма 1 апта болды.
Мобильді нұсқа арқылы баланы тіркеу неге мүмкін емес? Бұл үлкен проблема деп ойламаймын. Компьютер арқылы тіркеу барлығының қолынан келмейді. Сонша салық алып, адамдарға ыңғайлы етіп неге жасамасқа?
Қала тұрғындарынан "баласы қандай үйірмеге барады, "Даму бала" арқылы тегін баруға болатынын біледі ме?" деп сұрап та көрдік. Бізбен тілдескен жандардың ешқайсы бағдарламаның атын естімеген болып шықты.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Балаларымды бокс, күрес, физика, математика деген сияқты көп қой үйірмелер. Олардың барлығына беруге болады. Оның барлығы ақша-қаражат деген әңгіме.
- Екі немерем домбыраға барады. Біреуі дзюдоға барады. Барлығы ақылы. Ешкім бізге тегін үйірмелер бар екендігін айтқан жоқ.
Алайда, Даму баланың рахатын көріп жүргендер де бар. Солардың бірі – Нұрдәулет Алтынбеков. Көктал тұрғын алабында өзіне ыңғайлы жерде заманауи спорт пен шығармашылық нысанында орын табыла кетіп, қуана барғанын айтады.
НҰРДӘУЛЕТ АЛТЫНБЕКОВ, ОҚУШЫ:
Үйіме барып, ата-анама айттым. Ата-анам қолдап, үйіме жақын болған соң, осы жерге қатысуға шешім қабылдадым.
Порталға болашақ палуандардың неге тіркеле алмай жатқандығын мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру дирекциясының бөлім басшысы Ержігіт Өсербай түсіндіріп берді. Айтуынша, бір мезетте 70 мың адам тіркелуге өтініш бергендіктен серверлер істен шыққан. Одан бөлек, кейбір жандар баласының кезектегі орнын алға жылжыту үшін ІТ мамандарға жүгініп қитұрқы әрекетке бармақ болыпты. Сондықтан, қазір тіркелуге еш кедергі жоқ, - дейді маман. Оның үстіне, барлық үйірмелер штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
ЕРЖІГІТ ӨСЕРБАЙ, ҚАЛАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК СПОРТТЫҚ ТАПСЫРЫСТЫ ІСКЕ АСЫРУ ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
24-і қаңтар орындар ашатын боламыз. Қалыптасқан кезектегі, 18 мың баланың алдында тұрған 4800 бала активациясын алып, тегін үйірмелерге қатыса алады.
Айта кетейік, аталған бағдарламаға жылына бюджеттен 17 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінеді. Ал, балалардың спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелеріне келіп-кеткенін кейбір өңірлерде Face ID арқылы бақылауды қолға алмақ.