$517.84 €543.11 ₽5.28
×

«XIII ғасырға тиесілі»: Моңғолияда мумия табылды

AstanaTV
24.01.2025ж. 23:29
86
«XIII ғасырға тиесілі»: Моңғолияда мумия табылды

Археологтар XIII ғасырда өмір сүрген ақсүйек адамның мумиясын тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Археологтардың бұл олжасы өткен шаққа көз жүгіртіп, моңғол ақсүйектерінің өмірі мен мәдениеті туралы көбірек білуге мүмкіндік береді.

Мумия сол кездегі жерлеу әдет-ғұрыптарына тән тас қабірден табылды. Ғалымдар оның шамамен 45-50 жастағы ер адам, бойы 180-188 сантиметр екенін анықтады.

Ғалымдар дененің жақсы сақталғанына таңғалды: тері, шаш, тырнақ және тіпті саусақ іздері сақталған. Мұндай сақталу дәрежесі егжей-тегжейлі зерттеулер жүргізуге және оның өмірі мен тамақтану жайлы құнды ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Мумияның киімі оның жоғары әлеуметтік мәртебесін көрсетеді. Онда әшекейлермен безендірілген және қодастың (қарамал тұқымдас ұзын жүнді сиыр) терісінен тігілген дээл (дәстүрлі моңғол киімдері), сондай-ақ XIII-XIV ғасырлардағы ақсүйектерге тән басқа да киім-кешек табылды.

"Бұл олжа - нағыз жетістік. Мумия бізге белгілі бір адамның өмірі туралы көбірек білуге ғана емес, сол кездегі моңғол көшпенділерінің мәдениеті мен өмірі туралы жаңа мәліметтер алуға мүмкіндік береді", – деді экспедиция жетекшісі доктор Бат-Ерден Сухбаатар.

Жартас қабірлері - ежелгі моңғолдар туралы құнды ақпарат көзі. "Хадан гэртээ харилаа" ("үйге - жартастарға оралды") тіркесі моңғолдар үшін жартас тек жерлеу орны ғана емес, сонымен бірге мәңгілік пен қайта дүниеге келудің символы болғандығын көрсетеді.