$521.6 €534.27 ₽5.25
×

Автогаз бағасы 20 пайызға қымбаттады

03.02.2025ж. 20:00
148
Автогаз бағасы 20 пайызға қымбаттады

Елімізде сұйытылған газ бағасы 100 теңгеден асты. Орташа есеппен 20 пайызға қымбаттады. Мамандар бұған нарықтық баға саясатына көшуіміз себеп деп отыр. Бағаны еркіне жіберіп, қымбатшылықты ауыздықтай алмай қалмаймыз ба? Тілшілер тарқатсын.

СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Газ бағасы шарықтап барады. Литріне бақандай 20 теңге қосылды. Қазір Елордадағы көгілдір отын құятын бекеттерде 102 теңгеден саудаланып жатыр. Бұған дейін шамамен 82 теңгеден сатылған еді.

Қазір теміртұлпарлардың шамамен 30 пайыздан астамы көгілдір отынмен жүреді. Жауаптылар бағаның шарықтауына сұраныстың артуы да себеп дейді.

ЕЛТАЙ АЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ ГАЗ ӨНЕРКӘСІБІ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бүгінгі күні тұтыну мәселесі көбейіп жатыр. Және де көрші елдерді қарайтын болсақ, біздің бөлшек бағамыз өте төмен болып жатыр.

Бағаның көтерілуінің себебі бұл ғана емес. Нарықтық баға саясатына көшуіміз де түрткі болып отыр. Мамандар бұл жүйе халықтың қалтасына салмақ салғанымен, салаға инвестиция тартып, экономиканы ілгерілетуге сеп болады дейді.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Газ бағасының нарықтық экономикаға көшуі бірінші кезекте мемлекеттен алып отырған субсидиядан бас тарту. Яғни, бұл мемлекетке жеңілдік. Бұл жерде ұтатындар газды өндірушілер мен жеткізушілер. Яғни олар өздеріне қажетті нарықтық бағамен сата алады. Ал енді қазір осы салаға ақша салып, табыстарын еселеуге мүмкіндік алатын инвесторлардың санын арттыратыны анық.

СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Газға тапшылық жоқ. Мамандар осылай деп отыр. Ал бағаны нарық реттесін деген қағидаға аймақтар дайын ба? Қызылордалық әріптесім жалғастырсын.

МӨЛДІР ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Бұл қағида әдепкіден-ақ халықты алаңдатқан еді. Іле-шала елімізде газ бағасы құбыла бастады. Ал бүгін Қызылордада автогаз 90 теңгеге көтерілді деп ресми ақпарат тарады. Жүргізушілерден маза қашты. Кезінде қалтаға қонымды деп соңғы тиындарына көлігіне газ қондырғысын орнатқан халық алаңдап отыр.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Қымбаттайды деп тағы естіп жатымыз. Біраз бізге қымбаттамағаны дұрыс қой негізі. Газ қымбаттаса тағы бензин де қымбаттайды. Газ үнемді ғой енді бензинге қарағанда үнемді.
- Өзімізден шыққаннан кейін газ 90 теңгеге қымбат деп ойлаймын. Қарапайым халыққа . Өйткені халық көбісі, Қызылорданың көбісінің несі. Жүк тасығыш болсын, газельдер болсын.

Аймақта қазір автогаз 65 теңгеден саудаланып жатыр. Жауаптылар былтыр сатып алынған қордағы көгілдір отын есебінен бағаны тұрақты ұстап тұрмыз дейді. Бірақ бұл уақытша екенін жасырмайды. Сондықтан газ тасымалдаушы операторлардың тамырларын басып, бағаны аспандатпаудың амалын жасап жатқаныдарын айтады.

АРДАҚ ЗЕБЕШЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

90-95 теңге бекітілген. Бірақ біз газ опеторларымен, олар бізде 24 оператор. Солармен пікір бөліскеннің арқасында біз ол газды 5 теңгеге төмен сатамыз деп шешім қабылдадық. Қазіргі кезде 85-90 теңге болады біздің өңіріміздің бағасы.

МӨЛДІР ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

2022 жылы аймаққа айына 7 жарым мың тонна автогаз жеткілікті болса, қазір сұраныс - 10 мың тонна. Ал қорда 800 тонна сұйытылған газ бар. Мамандар бұл шамамен 1 аптаға жетеді деп болжап отыр. Ал Павлодардағы автогаз бағасындағы өзгерістерді әріптесім Өзгеріс Қуанар айтып береді.

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Павлодарда да газ бағасы 21 теңгеге қымбаттады. Қазір 102 теңгеден сатылуда. Бұған дейін шекті бағасы 81 теңге болатын.

Газ бағасының өсуі көлігі көгілдір отынмен жүретіндердің наразылығын тудырды. Олар газдың бірден 21 теңгеге өскеніне қарсы. Айтуларынша, бағаның бұлайша құбылуы өзге де қызметтердің өсуіне әкеліп соқтырмақ.

БЛИЦ-САУЛАНАМА:

- Бұл өте көп қосқандары. Алдында айтып еді 5 теңге ғана қосады деп. Бірақта бір қосқанда 22 теңге қосып жіберді. Қымбатқа қарсымыз. Бәрі қымбаттап жатыр. Азық-түлікте қымбат. Газ өте қымбаттап кетті.
- Зарплата болса бұндай бағаға сәйкес келмей жатыр да. Газдың бағасы қымбаттаса, бензиннің бағасы қымбаттаса, оның артымен продукты қымбаттайды. Сонда адамға қалай өмір сүру керек?
- Тез өсіп кетеді деп ешкім ойлаған жоқ шығар. 82 теңге болды. Қазір 102 теңге болды. 20 теңгеге бірақ өсті. Ол конечно ауыр ғой. Олайдан қымбаттауы. Мұнай бәрі өзіміздің елден шығады. Қалай ол қымбаттап жатыр. Миыма қонбайды.

Павлодар облысында газ бағасы соңғы рет осыдан 1 жарым жыл бұрын қымбаттаған. Ол кезде бар жоғы 3 теңгеге өсіпті. Бірақ, бұл жолғы қымбаттау көбінің қалтасына салмақ салған. Ал әкімдік газ құнын бақылау құзыретімізге жатпайды - деп отыр.

ӘЛІШЕР ТЕМІРТАС, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

ҚР Энергетикалық министрлігінің бұйрығына сәйкес 1 ақпаннан бастап сұйытылған мұнай газ бағасы өзгерістерге енгізілді. Осы ұстанымда тұрған бағаны бақылау біздің басқармаға жатпайды. Бірақта, ұстанымда тұрған бағадан биік болса біз аумақаралық инспекцияға хат жазып, газ ұйымдарды әкімшілік жауапгершілікке таратын болады.