Францияның Фонтенбло қаласына жақын жерде ерекше ережесі бар «швед үстелі» форматындағы жаңа мейрамхана жұмысын бастады. Бұл жерде қонақтар алған тағамын тауыспай қалдырса, 10 еуро (шамамен 5,3 мың теңге) көлемінде қосымша ақы төлеуі тиіс, – деп хабарлайды AstanaTV.
Мекеме иелері бұл қатаң талаптың басты себебін ысыраптың көп болуымен түсіндіреді. Келушілер белгіленген бір бағамды төлеп, қалағанынша дәм тата алады. Дегенмен, кейбір тұтынушылар тәрелкесіне көбірек ас салып алып, соңында бәрін жеп тауыса алмай жатады.
Айыппұл саясаты туралы ескерту мейрамхананың есігінде және ақпараттық көздерінде анық жазылған. Заңгерлердің пікірінше, егер ереже тұтынушыға алдын ала ескертілсе, онда бұл талап заңды түрде міндетті болып саналады.
Егер қонақ қосымша төлемді жасаудан бас тартса, оның бұл әрекеті алаяқтық ретінде бағаланып, 135 еуро көлемінде айыппұл арқалауы мүмкін. Ал мейрамхана тарапы бұл шартты алдын ала ескертпеген жағдайда, келушілердің тиісті орындарға шағымдануға құқығы бар.