Солтүстік Қазақстан облысында былтыр көкжөтел диагнозы 120 балаға қойылды, - деп жазды KAZINFORM.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтынша, биыл сырқаттанғандардың бәрі – 14 жасқа дейінгі балалар. Алты бала Петропавлда, біреуі - Аққайың ауданында ауырған. Олардың ешқайсы көкжөтелге қарсы егілмеген.
- Көкжөтел – ауыз қуысында, мұрында және көмейде өмір сүретін Bordetella pertussis бактериясы тудыратын тыныс алу жолдарының өте жұқпалы ауруы. Негізінен балалар ауырады.
Көкжөтелдің қоздырғышы ауа арқылы таралады, науқас жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде енеді. Көкжөтел асқынған жағдайда өкпенің қабынуына, мидың зақымдануына әкелуі мүмкін. Көкжөтелмен ауыратын науқастарды емдеуге арналған дәрі-дәрмек жоқ, - дейді Арман Күшбасов.
Маманның айтуынша, көкжөтелден қорғанудың жалғыз сенімді және тиімді әдісі – вакцинациядан өту. Алғашқы вакцинация нәрестеге 2, 3, 4 және 18 айында қойылады. Кейін 6 жаста егіледі.
- Көп жылдық тәжірибе егу жиілігі мен егу аралықтарын сақтау қажеттігін көрсетіп отыр. Егер осы жағдайлар сақталса, ағзада көкжөтел ауруына жеткілікті күшті иммунитеті пайда болады. Сондықтан балаңыздың денсаулығы сіздің қолыңызда екенін ұмытпаңыздар. Вакцинациядан бас тартпай, оны уақтылы алуға жағдай жасаңыз, - дейді Арман Күшбасов.