$511.18 €530.6 ₽5.28
×

Болжамы ұнамай қалған: Қазақстандық тарологтан 100 мың теңге өндіріп алды

AstanaTV
07.02.2025ж. 22:39
85
Болжамы ұнамай қалған: Қазақстандық тарологтан 100 мың теңге өндіріп алды

Қостанайлық тұрғын отбасылық қиындықтарға тап болып, күйеуінің опасыздық жасағанын біледі. Келешекте не болатынын білу үшін онлайн тарологқа жүгінеді. Балгер өз қызметін 100 мың теңгеге бағалаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Аlau.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, жасалған болжам оң нәтиже көрсетіп, әйел қуанып қалған. Алайда шындық мүлде басқа болып, күйеуі соңында бәрібір отбасын тастап кеткен. Осыдан кейін әйел ақшасын қайтаруды талап етіп, мәселені шешу үшін сотқа жүгінуіне тура келген.

"Тараптар арасындағы келісімге сәйкес, егер болжам орындалмаса, жауапкер толық соманы қайтаруға тиіс. Алайда талапкер жауапкерден ақшаны қайтаруды сұрағанда, ол түрлі себептер айтып, төлеуден бас тартқан", – деді Қостанай облыстық сотының баспасөз хатшысы Ляззат Байғожина.

Сот процесі барысында заң әйелдің жағына шықты. Осылайша балгер ақшаны қайтаруға міндеттелді, ал сот шешімі заңды күшіне енді.

Психологтардың айтуынша, соңғы уақытта балгерлердің, нумерологтардың және астрологтардың қызметіне жүгінетін адамдардың саны көбейген.

"Адамдар неге балгерлерге, нумерологтарға барады? Бұл – жауапкершілікті басқа біреуге жүктеу. Өмірлік қиындықтармен өздігінен күресе алмау, ішкі емес, сыртқы күштерден қолдау іздеу", – деп түсіндірді психолог Элина Каёхтина.

Оның айтуынша, мұндай қызметтерге әртүрлі жастағы, мамандықтағы және әлеуметтік деңгейдегі адамдар жүгінеді. Бірақ олардың көбісін сенімсіздік, үрей деңгейінің жоғарылығы және шынайылықты өзгеше қабылдау ерекшелендіреді.

"Мұндай қызметтерге үнемі жүгінудің қауіптілігі – адамның миы шешім қабылдау дағдысын жоғалта бастайды. Өміріне қатысты сұрақтарға үнемі иррационалды жауап алатын адамдар уақыт өте келе өздігінен талдау жасау қабілетінен айырылады", – дейді психолог.

Бүгінде интернетте бал ашу, сандар арқылы болжам жасау қызметтерінің жарнамасы өршіп тұр. Тіпті астрологияны үйренген кейбір адамдар ақылы курстар ұйымдастырып, өз білімдерін басқаларға үйретіп жүр.

Бұл жағдай Қостанай тұрғындарының да назарынан тыс қалмаған.

"Менің ойымша, бұл – алдау. Барлық гороскоптар, бал ашулар – әр адамға бейімделе алатын нәрселер. Барлығына бәрі сәйкес келеді", "Мен үшін ең күлкілісі – жоғары лауазымды шенеуніктердің балгерлерге жүгінгенін естігенімде болды. Мысалы, Бишімбаевтың сот ісінде де балгердің аты аталды. Бұл – нағыз абсурд", "Бұл – алаяқтық. Олар халықты алдайды. Шындық жоқ. Оған сенудің қажеті жоқ", "Біз – мұсылмандар ретінде мұндай нәрселерге теріс қараймыз. Бұл шайтанмен байланысты болғандықтан, мүлде тоқтату керек. Әлеуметтік желілердегі "Таро картасымен бал ашамын" деген жарнамалардың бәрін жою қажет", – деді желі қолданушылары.