Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов өзінің 100 күндік жұмысын қорытындылады

AstanaTV
21.06.2017ж. 20:00
4251
СҚО әкімі Құмар Ақсақалов өзінің 100 күндік жұмысын қорытындылады

Қызылжар өңірінде егін сапасы жыл сайын төмендеп барады. Жиналған астықтың басым бөлігі 4-5-класты бидай. Бұл жайында облыс әкімі қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу барысында мәлімдеді. Құмар Ақсақаловтың аймақ басшысы қызметіне тағайындалғалы 100 күн өтті. Жиында әкімнің осы уақыт аралығында қандай істер тындырғаны жайлы баяндалды.

Қызылжар өңірінде былтыр 3 миллионнан астам алқапқа дәнді дақылдар егіліп, 5,5 мың тонна бидай жиылды. Ырыс дәні молынан шыққанымен, сапасы көңіл көншітпейді. Өңір басшысы шұрайлы топырақты дұрыс пайдалану қажеттігін, алдағы уақытта бұл тірлікті қолға алатынын жеткізді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Үшінші сұрыпты астықтың үлесі соңғы бес жылдың ішінде 89 пайыздан 17 пайызға түсіп кетті. Осының кесірінен ауыл шаруашылығы өнімдерінің саласы аймақтағы өнімнің 25 пайызын ғана құрап отыр. Бұған бірнеше проблема әсер етіп отыр. Шаруалар топырақ күтіміне бейжай қарайды, сондай-ақ жерді дұрыс пайдалану жайы да бақыланып отырған жоқ.

Өңірдегі 500-ден астам ірі шаруашылықтың бестен бірі ғана тиімді жұмыс істеп келеді. Осыған байланысты кәсіпорындарға бизнесті диверсификациялау міндеттеліп отыр. Биыл майлы дақылдардың алқабы 39 пайызға артып, 712 мың гектарға жетті. Сондай-ақ, бұршақты дақылдардың үлесін көбейту назарға алынған.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Бұршақты дақылдардың алқабын 2,5 есеге ұлғайтып, 222 мың гектарға дейін жеткіздік. Биыл жасымықты экспорттау бойынша еліміз әлемде 4 орынға тұрақтады. Оның әрбір тоннасы 200 мың теңге тұрады. Ал өзіндік құны 32 мың теңге.