Алдағы бес жылда елімізде машина құрастыру саласы мамандарына сұраныс артады. Кәсіптік колледждер білікті кадрлар дайындауға ерекше басымдық беріп отыр. Өндіріс орындарымен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Бұл студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді.
ДӘРІБЕК БАХЫТБЕК, ТІЛШІ:
Бұл сіз бен біздің күнделікті мініп жүрген көліктеріміздің бірі. Яғни, бұны отандық мамандар құрастырады. Сөздерінше бұл үшін небәрі бір-ақ күн уақыт кетеді. Ойлаңызшы бұдан өзге күніне қанша көлік шығарылады. Яғни бұл дегеніміз автомобиль мамандарына деген сұраныстын артқандығы.
Дәулет Серікбай бала кезінен бөлшектерді құрастыру, оны жөндеуге құмар болған. Ол қазір Қостанай автомобиль көлігі колледжінде автоэлектрик мамандығы бойынша білім алып жатыр. Оқу бітірген соң отандық көлік өндірісіне үлес қосамын дейді.
ДӘУЛЕТ СЕРІКБАЙ, СТУДЕНТ:
Мен қазір өндірістік практикадан өтіп жүрмін. Біздің қаламызда автомобиль зауыты бар, сол жерде өндірістік практикадан өтіп жүрмін. Бүкілі жақсы, маған ұнайды. Қостанай қаласында қалып мен зауытта жұмыс істегім келеді.
Колледж оқытушысы Елдияр Азбергеновтің айтуынша, алдағы 5-10 жылда көлік құрастыру, жөндеу, дәнекерлеу ісі және металлургия саласы қарқынды дамиды. Сондықтан осы салаға баса мән берген жөн дейді.
ЕЛДИЯР АЗБЕРГЕНОВ, ҚОСТАНАЙ АВТОМОБИЛЬ КӨЛІГІ КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ:
Болашақта даму дегенде өндіріс өсіп бара жатқандықтан мамандарды арттыру қажет. Сондықтан біздің колледжіміз осы мамандықтар бойынша жаңа жас мамандарды дайындап жатыр. Яғни, біздің студенттер тек қана білімдерін теориялық тұрғыдан емес, сондай-ақ практикалық тұрғыдан да үйреніп жатыр.
Машина жасау саласының қарқынды дамуы техникалық мамандардың қажеттілігін арттырады. Алдағы 4 жылда елімізге 7 мыңнан астам білікті кадр қажет.