$488.53 €531.91 ₽5.68
×

Студент 4 жыл Қазақстанда оқып жүріп, қос диплом алуы мүмкін

AstanaTV
17.02.2025ж. 18:05
127
Студент 4 жыл Қазақстанда оқып жүріп, қос диплом алуы мүмкін
Фото: istockphoto.com

Соңғы жылдары еліміздегі бірқатар жоғарғы оқу орны шетелдік университеттермен стратегиялық әріптестік орнатуда. Осыған байланысты елде қос дипломдық оқу бағдарламасы әзірленіп, университеттеріміз өз бетінше әрекет етуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде 34 шетелдік университетпен стратегиялық әріптестік орнатты. Нәтижесінде, әріптестіктердің көпшілігі қос дипломдық оқу бағдарламасы бойынша білім беру көзделген.

«Еліміздің жоғары білім жүйесі Болон процесіне қосылғалы бері жоғары оқу орындарын кезең-кезеңмен академиялық дербестікке дайындап, 2018 жылы дербестік берілді. Оның мәні жоғарғы оқу орындары бұдан былай өз қызметінің басым көпшілігінде еркін әрекет етеді, оның ішіне оқу бағдарламаларын әзірлеу де кіреді. Министрлік университеттердің қызметінің жалпы аясын айқындап береді. Шетелдік университеттермен стратегиялық әріптестік орнатуда да, олармен қос дипломдық оқу бағдарламасын әзірлеп енгізуде де университеттеріміз өз бетінше әрекет етеді», – делінген министрліктің хабарламасында.

Негізі қос дипломдық оқу бағдарламалары тек 2 жыл қазақстандық ЖОО-да, 2 жыл шетелдік ЖОО-да оқу дегенді білдірмейді. Түлекке оқу аяқталғанда екі университеттің дипломын беретіндіктен, студент оқу барысында екі университеттің оқу бағдарламасын да меңгеруі қажет. Осы ретте екі университет оқу бағдарламаларын бір-бірін қайталамайтындай етіп ортақтасып әзірлеу міндеттелген.

– «Соның аясында студент белгілі бір мерзім қазақстандық университетте білім алса, қалған бөлігін шетелдік әріптес университетте оқиды. Осыған сәйкес 3+1 (3 курс қазақстандық университетте, 1 курс шетелдік ЖОО-да), 2+2, 2+1+1 (2 жыл негізгі қазақстандық ЖОО-да, 1 жыл екінші қазақстандық немесе шетелдік ЖОО-да, 1 жыл басқа шетелдік әріптес университетте) тіпті 4 жыл да қазақстандық университетте (екі университеттің оқу бағдарламаларын игере отырып) оқу мүмкіндігі бар. Мұны әріптес университеттер өз бетінше анықтайды», – делінген министрліктің жауабында.