$486.44 €534.31 ₽5.06
×

Алғашқы қазақстандық ғарыш кемесі 2022 жылы ұшырылады

AstanaTV
13.06.2017ж. 20:00
10269
Алғашқы қазақстандық ғарыш кемесі 2022 жылы ұшырылады

Қазақстандық алғашқы ғарыш кемесі жоспарланған уақыттан 3 жылға ерте ұшырылып, 2022 жылы көкке көтеріледі. Бұл «Байтерек» жобасы аясында қолға алынып отыр. Ол Байқоныр кешені жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссияның бесінші отырысында мәлім болды. Тілшіміз Байқоңыр болашақта алпауыт техноаймаққа айналуы мүмкіндігін біліп қайтты.

Байқоңыр мәселесі талқыланған жиын жабық есік жағдайында өтті. Бірақ тараптар бұған дейінгі талқыланған мәселелерді пысықтайтыны белгілі болды. Бұлар - негізінен Жұлдызды қалашықты газбен қамтамасыз ету, қазақстандық тарапқа бос ғимараттарды беріп, ғарыш айлағының инфрақұрылымын дамыту мәселелері. Жиын кезінде Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин отандық ғарыш кемесінің мерзімінен бұрын ұшырылатынын мәлімдеді. Қазір қазақстандық мамандарды ұшу сапарына дайындап, «Зенит» зымыран кешені жаңғыртылып жатыр.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Ғарыш кемесін 2025 жылы емес, одан үш жылға ертерек ұшыру жоспарланған. Қазақстан жағы "Байтерек" жобасына қатысуға дайын. Тағы бір маңызды мәселе -Байқоңыр қаласынын инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарына екі ел бірге ат салысып, жаңа жобаларды іске асырмақ.

Ал ресейліктер орта класты жаңа зымыран жасап шығармақ. Заманауи "Союз-5" зымыраны 15 тонна жүкпен ғарышқа ұша алады. Ресей үкімет басшысының орынбасары Дмитрий Рогозиннің сөзінше, бұл зымыран ғарыш кемесінің ұшуын қамтамасыз етеді.

Дмитрий Рогозин, РФ Премьер-министрінің орынбасары:

Қалай болғанда да, біз «Бәйтерек» жобасы аясында осы Байқонырдан ұшамыз. Ал Восточный ғарыш айлағында 2021 жылы Ангара зымыраны ұшырылады. Бұдан кейін аса ауыр зымырандарды ұшыру жоспарланған. Сондықтан Байқоныр мен Восточный ғарыш айлағы бір-бірін алмастыра алмайды.

Рогозин Байқоңырдың үлкен техноқалаға айналарына сенімді. Бірлескен кәсіпорындар құру мәселесі бұдан кейін Астанада талқыланып, Қазақстан премьерінің қатысуымен ғарыш айлағына жақын сала басшыларымен кездесу өткізіледі. Осылайша Байқоңырдың бар мүмкіндіктерін пайдалану үшін екі ел күш біріктірмек.

Былтыр желтоқсан айында тараптар ғарыш айлағында пайдаланылмай тұрған керексіз нысандардан құтылу мәселесіне қол қойған еді. Биыл осы жоба аясында 95 нысан жойылыпты. Ресейлік тарап осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, тағы 300 жуық нысанды жою мәселесін көтерді. Бұдан бөлек, шенеуніктер Жұлдызды қалашықтың тұрмыс жағдайына да тоқталды. Енді Байқоңырдың әлеуметтік нысандары мен көпқабатты тұрғын үйлеріне көгілдір отын арзан бағамен жеткізілетін болады.

Шарипа САҚТАПОВА