Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Баласын аяусыз ұрған павлодарлық әйелге аналық құқығы қайтарылды

AstanaTV
13.06.2017ж. 20:00
2847
Баласын аяусыз ұрған павлодарлық әйелге аналық құқығы қайтарылды

Баласын аяусыз ұрып-соққан павлодарлық әйелге қатысты сот шешімі жарияланды. 34 жастағы Нұргүл Докуоваға қызы қайтарылды. Әкесі соттың үкіміне қарсылық білдірмеді. Ал баласын аясуыз ұрған әйелге судья неге мұндай шешім шығарғанын Әсемгүл Мұхитқызы білді.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Бүгін 8 айға жуық елдің назарында болған атышулы оқиғаға нүкте қойылды. Туған қызын аяусыз төмпештеп, әрекетін камераға түсірген Нұргүл Докуоваға қатысты соттың соңғы шешімі жарияланды.

Осыдан алты ай бұрын баласына көрсеткен қатігездігі үшін әйелдің аналық құқығына шектеу қойылған еді. Осы уақыт аралығында Нұргүл Докуова психолог-мамандармен жұмыс істеп, өмірін ретке келтіруге мүмкіндік алды. Анықталғандай, жарты жылдың ішінде ол қызынан еш алыстамаған. Ыңғайы келгенде қасында болып, тәрбиесімен айналысқанын айтты. Ендігі арманы - қос қызымен бірге өмір сүру.

Нұргүл Докуова:

Балаларым өте белсенді. Қайда барам, не істеймін дегенге келгенде, тосылып қалмайды. Сондықтан мен де олардың еркіндігіне шектеу қоймаймын. Олар үшін өмір сүріп, жұмыс істеп жатырмын. Қыздарымның тамағы тоқ, киімі бүтін, бақытты болуын қалаймын. Сол үшін бәрін жасаймын. 

Сот отырысында сөз алған Айлинның әкесі шағымданушы тараптың талаптарымен келісті. Қызының жағдайы тәуір екенін айта келе, Ермұрат Қасымов оның анасымен қалуына еш қарсылық білдірмейтінін жеткізді. Айтуынша, бұл Айлин үшін өте маңызды.

Марина Иванова, Павлодар облыстық жасөспірімдер ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы:

Докуова Нұргүлдің қызы Қасымова Айлинге қатысты аналық құқығын шектеу туралы шешімнің күші жойылсын. Жасөспірім Айлин Қасымова анасы Докуова Нұргүлге қайтарылып, оның тәрбиесіне берілсін.

Үш жарым жасар Айлинді ұрып-соғу сәті түсірілген бейнежазба өткен жылдың қазанында ғаламторға жүктелді. Сұмдық таспаны анасы әдейі түсіріп, балғынның әкесі мен ата-әжесіне жіберген. Полицейлер әйелді бірден анықтады. Нұргүл Докуова бұл әрекетін «ауыр эмоциялық қысымнан» жасадым деп, көпшіліктен кешірім де сұрады.

Орынбасар Темірболатова, Павлодар қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:

Бала ең алдымен анасымен тұрғанда бақытты бала болады. Сондықтан ары қарай бәрі жақсы болатын шығар. Әкесі де ақылға келіп, сотқа ешқандай кедергі келтірмей, өз пікірін айтып, бала үшін, баланың жағдайы, көңіл-күйіне қарап осындай шешімге келгеніне ризамын.

Әсемгүл Мұхитқызы,  тілші:

Әкімшілік істен бөлек, бұл оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 140 бабы, яғни балаға қатыгездік көрсету дерегі бойынша іс қозғалған. Алайда, тараптардың татуласуына байланысты наурызда аталған іс қысқартылып, тоқтатылды. Дегенмен, бұл отбасы қамқоршылық органының жіті назарында болады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ