$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматылықтардың түйткілді мәселелері «Нұр Отан» өкілдерінің көмегімен шешілді

AstanaTV
13.06.2017ж. 20:00
2428
Алматылықтардың түйткілді мәселелері «Нұр Отан» өкілдерінің көмегімен шешілді

Құрылыс жұмысына жегіліп, бір жылдан бері істеген еңбегінің ақысын ала алмай зар илеген 5 баланың әкесіне жалақысы берілді. Оның жанайқайын естіген "Нұр Отан" партиясының Алматы қалалық филиалының өкілдері қол ұшын созды.

Шымкенттің тумасы Шахмардан Әмірбековтің құрылыс саласында жұмыс істегеніне 15 жылдан асқан. 2016 жылдың мамыр айынан ағымдағы жылдың мамырына дейін жалақыдан қағылған. Ол еңбек еткен компанияның ұжымы бұл жағдайды жеделдетіп шешудің орнына түрлі сылтау айтып, созбақтаған көрінеді. Бизнесмендердің қылығынан түңілген азамат ақырында партияның қалалық филиалына жүгінеді. Бұл іске партия араласқасын құрылыс компаниясындағылар айлығының жартысын төлеп берген. Қалған соманы жақын күндері қайтармақ. Жалпы жыл басынан бері бас партияның Алматы қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөліміне 2 мыңнан аса тұрғын өтінішпен келген. Оның  500-ден астамы шешімін тапты. 

Шахмардан Әмірбеков, құрылысшы:

Біздің фирманың заңгері директоры, бухгалтериясын жинап, түгеліне жиналыс өткізіп, біздің мәселемізді шешіп беруіне өтініш жасады. Іс қозғалды осы қалалық прокуратурада. 2 млн теңгемізді алып берді. Қазір қалғаны 7 млн теңге қалды. Осы жақын ортада алып береміз төлетіп береміз деген. Партияның алдында берген уәделері бар. Рахмет, осындай партия жұмыс жасап, халықтың мүддесін қорғап жүргеніне.

Алмажан Бақтұразова, «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі:

Бізде қалалық филиалдан бөлек 8 ауданда қоғамдық қабылдау жұмыс істейді.  Әрбір қоғамдық қабылдау бөлмесінде мемлекеттік және құқық қорғау органдары мен қалалық мәслихат депутаттарының қабылдаулары жүргізіледі. Өтінішпен келген әрбір азамат өздерін мазалаған сауалдарға тиісті жауап ала алады. Біз үнемі атқарушы органдармен бірлесіп, қордаланған мәселені шешуге тырысамыз.