Қытай дәрігерлері 69 жастағы науқастың бүйрегін генетикалық түрлендірілген шошқаның бүйрегіне сәтті ауыстырды деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Синьхуа» агенттігі хабарлауынша, ота Қытай Әскери-әуе күштері медициналық университетінің Сицзин ауруханасында жасалған.
Медициналық топтың жетекшісі Доу Кефэннің айтуынша, тұқымаралық трансплантация донорлық органдардың тапшылығын шешуге мүмкіндік береді. Бұған дейін диализден өткен науқастың жағдайы нашарлап, трансплантация қажет болған.
6 наурызда жасалған операция сәтті өтті – шошқаның бүйрегі бірден зәр шығара бастады. Үшінші күнге қарай науқастың креатинин деңгейі қалыпқа келіп, алты күннен кейін жағдайы тұрақтанды.
Қытайда алғаш рет шошқа бүйрегін тірі адамға сәтті трансплантацияланды. Бұған дейін мұндай операциялар АҚШ-та да жасалған. Қытай ғалымдары шошқа мүшелерін жануарларға не миы қайтымсыз зақымданған науқастарға ауыстыру тәжірибесін жүргізіп келген.