Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Үш ұлттық паркті аралауға Астанадан шыққан салт аттылар Баянауыл өңіріне келді

AstanaTV
20.06.2017ж. 20:00
3078
Үш ұлттық паркті аралауға Астанадан шыққан салт аттылар Баянауыл өңіріне келді

Бабалар жолын жаңғырту! Осы ұстанымды бек ұстанған бір топ белсенді Астана-Ерейментау-Баянауыл-Қарқаралы бағытымен бірегей саяхат ұйымдастырды. Сапардың ерекшелігі - саяхатшылар жолға атпен шыққан. Араға бес күн салып олар қасиетті Баянауыл жеріне жетті. Әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы көшпенділердің тірлігін сезінген жандармен кездесу мүмкіндігіне ие болды.

Астанадан 5 күн бұрын шыққан бес аттының көңіл-күйіне қапырық ыстық әсер етпегендей. Қозғалыстары шапшаң. Астындағы сәйгүліктері де шаршамапты. Бұл жүйелі дайындықтың жемісі, - дейді өздері. Ат туризмі - әлемде дамыған саяхаттың түрі. Өкінішке орай, бізде бұл сала әлі кенжелеп тұр. Туристік бағыттар да тиісті деңгейде насихатталмайды,-дейді топ жетекшісі.  

Берік Ақылбеков,  саяхатшылар тобының жетекшісі:

Барлық туристік рейтингтерді қарап шықтық. Онда Бұйратау, Баянауыл және Қарқаралы ұлттық парктері жоқ екен. Біз аталған бағытты жаңғыртуға бел будық. Атпен жүріп өтіп, табиғаттың керемет көріністерін көзбен көрдік. Меніңше, мұндай жерлерді халқымыз білуі қажет.  

Қазіргі буын көшпенділер тірлігінен бейхабар. Алыс жолдарды жүйрігімен бағындырып, талай жауларын ат үстінде жеңген атаның ұрпағымыз. Сондықтан саяхаттың басты мақсаты - бабалар жолын жаңғырту. Аттылардың қатарында 13 жасар бала да бар. Үлкендердің сөзінше, жолдағы бар жағдайда Асар төзімділік танытқан.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Астанадан шыққан аттылар шамамен 600 шақырым жерді бағындырған. Осы бес күннің ішінде олар Бұйратау, Баянауыл және Қарқаралы ұлттық парктеріне баруды жоспарлаған. Айтуларынша, қазақтың кең байтақ даласында ат спортын дамытуға лайықты жерлер өте көп.

Жол-жөнекей талай қызықтар мен қиыншылықтар болған. Саяхатшыларды әсіресе, табиғаттың мінсіз сұлулығы тамсандырыпты. Сапар барысында арқардың үйіріне кезігіп, марал өсіретін шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен танысқан. Техника дамыған заманда адамдардың қарым-қатынасы жойылып бара жатқаны рас. Ал бұл сапарда бір-бірімізбен шүйіркелесіп, бір жасап қалдық,-дейді олар.

Айдос Нұрақышев:

Суымыз біткенде, су берді, түнде жататын орын берді. Қиыншылықтар енді өткелдерден өткенде аттарымыз батып қалды. Сол кезде талай қолғабыс жасады. Маршрутты жаңадан жүріп өтті те. Кейбір жерлерде ориентир ала алмағанда, елдер жобалап, жөнін көрсетіп отырды. 

Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған аттылар саяхаты ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне арналған. Болашақта белсенді топ Ұлытау өңіріне жол тартуды жоспарлап отыр. Айтуларынша, қатарлары арта түспек. Өйткені қазірдің өзінде бұл сапарға қызығушылық танытушылардың қарасы қалың.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ