Қызылжардағы
ботаникалық бақ сатылмайтын болды. Алғашқы аукционда нысанды иеленуге ешкім
ынта білдірмеді. Бұл жайында электронды сауда алаңының ресми сайтында
хабарланған. Нысан 272 миллион теңгеге бағаланып отыр.
Электронды саудаға
қатысушылар жолдама алу үшін кепілдік
ретінде 40 миллион теңге төлеуі тиіс. Әзірге бастапқы жарнаны ешкім берген жоқ.
Жалпы, нысан сатылымға үш рет қойылмақ. Егер жаңа иесі табылмаса, жергілікті
билік өкілдері жылыжайдың қызмет түрін сақтамай, кез келген сомаға сатып
жіберуге құқылы.
Еске салайық, ботаникалық бақ тиімсіз болған соң, ақпан айында
қалалық әкімдік оны сату жөнінде шешім қабылдады. Алайда, бақтың негізін
қалаған Рязаповтар отбасы нысанды жекенің қолына өткізуге қарсы. Ауыл
шаруашылығы министрлігі де мұны құптай отырып, жылыжайды қорғалатын нысандар
қатарына енгізуді ұсынды. Бүгінде бақ арнайы сараптамадан өтіп жатыр. Ал
жергілікті билік өкілдері ғимаратты
күзге дейін сатпайтынын жариялаған. Бірақ артынша бұл ойларынан айнып қалған
сыңайлы. Келесі аукционның қашан өтетіні белгісіз.