Қазгидромет 10, 11, 12 сәуірге арналған ауа райы болжамын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алдағы күндері батыста, солтүстікте, Қазақстанның таулы аудандарының оңтүстігінде атмосфералық фронттар өтуіне байланысты ауа райы тұрақсыз болады, найзағай ойнап, жаңбыр жауады, таулы аудандарда да түнде жаңбыр мен қар жауады.
11 сәуірде елдің батысында, солтүстік-батысында, 12 сәуірде түнде Қостанай облысында қатты жаңбыр жауады. Елдің шығысында ғана жауын-шашын жаумайды. Батыс аймақтарда жел күшейеді, ал республиканың көп бөлігінде тұман түседі.
Түнде ауа температурасы мынадай болады:
Елдің батысында 2-7 градустан 0-5 градусқа дейін, батыс аймағының солтүстігінде 3 градус аязға дейін төмендейді.
Солтүстік-батыста температура 3-8 градус жылыдан 2 градус аяз-3 градус жылыға дейін төмендейді.
Солтүстікте, орталықта 2-7 градустан 7-12 градусқа дейін көтеріледі.
Шығыста 3-5 градус аяздан 3-8 градус жылыға дейін көтеріледі.
Оңтүстік-шығыста 5-10 градус жылыдан 7-12 градус жылыға дейін көтеріледі.
Оңтүстікте 10-15 градустан 15-20 градусқа дейін көтеріледі.