$456.89 €531.36 ₽5.32
×

Пойыздардан 160 келіден астам есірткі табылды

Пойыздардан 160 келіден астам есірткі табылды
Фото: polisia.kz

Көлік полицейлері қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен жыл басынан бері 78 есірткі құқық бұзушылығын анықтап, заңсыз айналымнан 160 келіден астам есірткі тәркіледі

Polisia.kz мәліметінше, қазіргі таңда Көліктегі полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығында 31 іздестіру иті бар. Кинологтар есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерімен бірлесіп, теміржол вокзалдары, жолаушылар пойыздары, әуежайлар, порттар мен пошта жөнелтілімдерін тексереді.

Анықталған 78 құқық бұзушылықтың 63-і теміржол вокзалдарында, 11-і жолаушылар пойыздарында, екеуі әуежайлар мен «Құрық» портының аумағында тіркелген.

Мәселен, маусым айында «Қарасора–2026» іс-шарасы кезінде Түрксіб станциясы маңынан қызметтік иттің көмегімен 103 келіден астам марихуана табылып, тәркіленді. Осылайша есірткі жеткізудің ірі арнасына тосқауыл қойылды.

Жыл басынан бері қызметтік иттер жедел іс-шараларға 3335 рет тартылған. Кинологтар олардың есірткі, қару-жарақ, жарылғыш және өзге де тыйым салынған заттарды анықтау дағдыларын тұрақты түрде жетілдіріп келеді.